Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі редакциямыздың ресми сұрауына жауап беріп, елдегі тұтынушылық кредиттеу нарығына қатысты жаңартылған деректерді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Агенттіктің хабарлауынша, Ұлттық Банктің мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қазанға дейін банктердің тұтынушылық кредиттер портфелі 16,2 трлн теңгені құрады.
Бұл портфельдің құрылымы төмендегідей:
Кепілсіз тұтынушылық кредиттер
Тұтынушылық қарыздардың жалпы көлемінің 71%-ы немесе 11,5 трлн теңгесі – кепілсіз кредиттер.
Биыл 9 айда осы сегменттің өсімі былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 22,5%-дан 12,7%-ға дейін баяулаған.
Автокредиттер
Портфельдің 23%-ы немесе 3,8 трлн теңге автокредиттерге тиесілі. 2025 жылдың 9 айында автокредиттердің өсімі 35% болды (2024 жылдың 9 айында — 35,1%).
Кепілді тұтынушылық кредиттер
Бұл санат 6% немесе 967 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері өсім 22%, ал 2024 жылдың 9 айында 21% болған.
Проблемалық кредиттер
90 күннен астам төлеу мерзімі кешіктірілген қарыздардың үлесі 6% немесе 971 млрд теңгені құрайды.
Ипотекалық кредиттеулер
Ипотека сегменті тұрақты өсімді жалғастырып отыр:
• 2024 жылы өсім — 14,5%,
• 2025 жылдың 9 айында — 10,4%,
• Ипотекалық портфель көлемі — 6,7 трлн теңге.
Кепілсіз тауарлық кредиттердің құрылымы (2025 жылдың І жартыжылдығы)
Агенттіктің деректеріне сәйкес, банктердің кепілсіз тауарлық қарыздарының негізгі бағыттары төмендегідей:
• 35,1% – тұрғын үй жағдайын жақсартуға (құрылыс материалдары, жиһаз сатып алу);
• 10,3% – ірі тұрмыстық техника;
• 8,3% – бизнес мақсаттары;
• 8,2% – автокөлікке қатысты тауарларды сатып алу (шина, бөлшектер, аксессуарлар);
• 4,3% – киім мен аяқ киім;
• 3,6% – сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарлар (дәрі-дәрмекті қоса алғанда).
Қарыз алушылардың жас құрамы
Банктердің тұтынушылық кредит портфелі келесідей жас топтарына бөлінеді:
• 31–45 жас — 46%
• 46–62 жас — 30%
• 22–30 жас — 18%
• 63 жастан жоғары — 4%
• 21 жасқа дейін — 1%
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
