Енді Қазақстанда құрастырылған автокөліктер Еуропаға экспортталуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің мәліметінше, отандық өндірушілер қазір Еуропалық одақ елдерінің нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Kursiv.media LS басылымына cілтеме жасап хабарлайды.
Ведомстваның ақпаратына сәйкес, қазір Еуропалық одақ елдеріндегі ықтимал серіктестермен алдын ала кеңестер мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда қай елдермен нақты талқылаулар өтіп жатқаны әзірге айтылған жоқ. Дегенмен басты мәселе – жергілікті зауыттарда шығарылатын өнімнің ЕО нарығында қолданылатын техникалық талаптарға, экологиялық стандарттарға және сертификаттау шарттарына сәйкестігі.
Егер келісімдер жасалып, барлық талаптар орындалса, отандық көлік құралдарын белгіленген тәртіппен экспорттау мүмкін болады. Еуропалық одақ елдерінің нақты тізімі келіссөздер қорытындысы бойынша, нарықтағы сұраныс пен экономикалық тиімділік ескеріле отырып анықталады.
Комитеттің мәліметінше, болашақта Қазақстан жұмыс істеп тұрған зауыттарда шығарылатын жеңіл автокөліктерді экспорттай алады. Қазір елде жалпы жобалық қуаты жылына шамамен 360 мың автомобиль шығаратын төрт негізгі кәсіпорын жұмыс істейді. Модельдік қатар да кең. Ведомство елдің өндірістік қуаты сұранысқа және нарық талаптарына сай автокөлік экспорттауға әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті.
Айта кету керек, қазақстандық автокомпаниялардың бірінің Еуропа нарығымен байланысы бұрыннан бар. 2025 жылдың шілде айында Astana Motors компаниясы Chery маркасының Чехия аумағындағы ресми дистрибьюторы мәртебесін алғаны белгілі болды. Ал өткен күзде компания бұл елде Chery Tiggo 4, Chery Tiggo 7 және Chery Tiggo 8 кроссоверлерінің, соның ішінде гибридті нұсқаларының сатылымын іске қосты.
Еске салайық, Қазақстан Қытай автокөліктерін импорттайтын топ-10 елдің қатарына енді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
