Соңғы айларда Қазақстанда доллардың бағамы айтарлықтай төмендеді. Алайда экономистердің бағалауынша, теңгенің күрт нығаю кезеңі аяқталуға жақын. Экономист BAQ.KZ тілшісіне ұлттық валютаның күшеюіне әсер еткен негізгі факторларды, оның реттеуші жүргізіп отырған саясатпен байланысын және алдағы апталарда валюта нарығында қандай өзгерістер күтілетінін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемесі
Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, теңгенің нығаюына басты серпін берген фактор – шетелдік инвесторлар үшін тартымды болған Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты.
Бұл тоқтаусыз күшею фазасының негізгі бөлігі енді біртіндеп аяқталып келеді деп ойлаймын. Бізде Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары және мөлшерлемені ұзақ уақыт сақтайтыны туралы қатаң риторика бар. Бұл халықаралық “ыстық ақшаның” келуіне сигнал болды, – деді ол.
Теңгемен ұсынылатын жоғары табыстылық Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қысқа мерзімді капиталдың мол көлемде ағылуына себеп болды. Бұлай деуімізге себеп, шетелдік инвесторлар оларды белсенді сатып алды.
Жалпы алғанда, қазан айынан бері теңгелік МҚҚ-ға (мемлекеттік қазынашылық құнды қағаздар) бір миллиард доллар келді. Бұл теңгеге деген сұранысты арттырған қосымша фактор, – деп нақтылады Бейсембаев.
Теңгенің күшеюіне ықпал еткен қосымша факторлар
Экономистің айтуынша, теңге бағамының нығаюы бір ғана себепке емес, бірқатар фундаменталды факторлардың үйлесіміне байланысты. Олардың арасында:
- бюджетке теңгемен түсім түсіру үшін жүргізілген ірі еурооблигация конвертациялары;
- халықаралық қаржы ұйымдарының транштары, олардың түсуі де автоматты түрде теңгеге деген сұраныс тудырады;
- экспорт түсімінің 20%-ын міндетті түрде сату талабы, бұл ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетіп отыр;
- экспорттаушылардың салық аптасы кезінде компаниялардың салық төлеу үшін валюта түсімін жаппай теңгеге айырбастауы.
Осы факторлардың жиынтығы теңгелік өтімділіктің қуатты ағынын қалыптастырып, бағам динамикасын уақытша өзгертіп жіберді.
Бұл бизнеске қалай әсер етті
Теңгенің нығаюы әсіресе импортпен жұмыс істейтін компаниялар үшін айтарлықтай сезілді. Бағамның төмендеуі олардың сатып алуларын едәуір арзандатты.
Біздің импортқа тәуелділігімізді ескерсек, қазіргі бағам өте қолайлы, әсіресе импортпен айналысатындар үшін. Импорт арзандайды, – деді сарапшы.
Бейсембаевтың бағалауынша, теңгенің күшеюінің әсері келесі жылдың бірінші тоқсанының өзінде-ақ инфляцияның баяулауынан байқалады. Алайда бағаның төмендеуі бірден болмайды. Өйткені ол әлі жоғары бағаммен алынған тауар қорлары жаңарған сайын біртіндеп сезіледі.
Болжам: бағам толқын тәрізді құбылады
Алдағы кезеңге қатысты пікір білдірген экономист нарықта резкий өзгеріс болмайды деп есептейді. Оның айтуынша, бағам белгілі бір диапазонда біртіндеп құбылып отырады.
Экономист динамика бірнеше факторға бірдей байланысты болатынын түсіндірді:
– Ұлттық банктің риторикасы мен базалық мөлшерлемеге қатысты күтулер,
– инфляция деңгейі,
– мұнай бағасы,
– рубльдің қозғалысы.
Осы көрсеткіштердің жиынтығы теңгенің қазіргі деңгейін сақтап қала ма, әлде біртіндеп тұрақтану кезеңіне өте ме, соны анықтайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
