Жеке тұлғалардың 2022–2023 жылдардағы аударымдары тексерілмейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Егер адам табыс тауып, қымбат мүлік сатып алса және оны декларацияламаса, біз тек декларация тапсыру қажеттігі туралы хабарлама жібереміз. Бұл — тексеру емес. Мұндай шара тек тіркелген салық төлеушілерге, яғни шағын және микробизнес өкілдеріне ғана қатысты болады», – деп түсіндірді Біржанов.
Журналистер елде камералдық бақылау (яғни, бір миллион теңгеден асатын 100-ден көп операцияны қадағалау жүйесі) жұмыс істеп тұрғанын айтып, «таза парақтан бастау» қағидасы қарапайым азаматтарға да қатысты қолданыла ма деп сұрады.
«Қазір біз аударымдарға байланысты механизмді пысықтап жатырмыз. Иә, олардың төлем көлеміндегі үлесі жоғары, бірақ олар коммерциялық операциялар ретінде қарастырылмауы тиіс. Бұл да тексеру емес. Егер уәкілетті органдар немесе банктер деректерді берсе, біз ол туралы тек жеке кабинет арқылы хабарлаймыз», – деді вице-министр.
Біржановтың айтуынша, жаңа ережелер тек алдағы кезеңдерге ғана қолданылады.
«Мысалы, 2026 жылы біз жылдың бірінші жартысындағы аударымдарды көре аламыз, бірақ бұл олар бұғатталады деген сөз емес. Жай ғана оларды декларациялау қажет болады. 2022–2023 жылдар бойынша ешқандай мәліметтер тексерілмейді», — деп нақтылады ол.
Бұған дейін де вице-министр 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микробизнес үшін өткен жылдарға қатысты салықтық тексерулер болмайтынын мәлімдеген еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!