Сенбі, 01 қараша, 02:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83, 2195
01.11.2025
PDF мұрағаты

Қазақстанға 7,5 млрд доллар инвестиция тартылды: KGIR-2025 алаңында 49 құжатқа қол қойылды

31.10.2025

92 0

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Round (KGIR-2025) алаңында жалпы сомасы 7,5 миллиард долларды құрайтын 49 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 13 коммерциялық келісім, құны $3,8 миллиард, Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен рәсімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қол қойылған маңызды келісімдердің қатарында:

• Ақмола облысы мен Hopefull Grain & Oil Group арасындағы бидайды терең өңдеу кешенін салу туралы стратегиялық келісім;
• Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі Kazakhstan Lihua және Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені компанияларымен келісімдер;
• Ақтөбе облысында цемент зауытын салуға қатысты QazCement Industries компаниясымен келісім;
• «Астана энергиясы» экопаркі жобасын іске асыру бойынша East Hope компаниясымен келісім;
• Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық жолмен жою және жылыжай кешенін салу туралы жобалар;
• Қызылорда облысында агроиндустриялық кластер мен Солтүстік Қазақстан облысында қант зауытын салу жөніндегі келісімдер;
• Ақтөбе облысында сусындар өндірісін жолға қою бойынша Кока-Кола Алматы Боттлерс компаниясымен әріптестік;
• Маңғыстау облысында сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салу жобасы (Qazaq LNG Mangistau);
• Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мен KazFoodProducts арасындағы орнықты авиациялық отын (SAF) өндіру жобасы.

Форум соңында Премьер-министр Олжас Бектенов үздік инвестор компаниялардың өкілдерін марапаттады. Олардың арасында Fufeng Group, PepsiCo, Zijin Mining Group, Stadler CIS, Kazakhstan Lihua, KIA Qazaqstan, Power International Holding Kazakhstan, Air Liquide, Oi-Qaragai, Астана Моторс және Химфарм сынды ірі корпорациялар бар.

KGIR-2025 аясында Премьер-министр шетелдік компаниялардың Қазақстанда іске асырып жатқан және жоспарлап отырған жобалары ұсынылған көрмені аралап көрді.

Мысалы, швейцариялық Harvest Group SA компаниясы ауыл шаруашылығына заманауи суару жүйелерін енгізуді көздейтін жобасын ұсынды. Оның нәтижесінде 2029 жылға қарай 300 мың гектар жер суармалы айналымға енгізіліп, топырақ өнімділігі 4-6 есе артады деп күтілуде.

Сонымен қатар форумда келесідей жобалар таныстырылды:

• Orzax Alyors компаниясының биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) өндіретін зауыты;
• R-Pharm және Abdibrahim Global Pharm компанияларының дәрі-дәрмек өндірісі;
• Stadler компаниясының теміржол техникасын құрастыру желісі;
• Primus Education жобасы аясында Британияның Coventry University университетінің кампусын ашу бастамасы;
• Success Co., Ltd. және RETD компанияларының өнеркәсіп және көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары.

KGIR-2025 нәтижесі Қазақстан экономикасына ауқымды инвестициялар тартуға және халықаралық бизнес қауымдастықпен ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: