Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов Үкіметтің бюджет шығындарын оңтайландыру бағытындағы шараларына қатысты сұрақ қойды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы қазіргі таңда ЖІӨ-нің 23,6 пайызын құрайды. Бұл дегеніміз – халықаралық әдістеме бойынша төмен деңгей, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Бектенов әлемнің көптеген дамыған елінде мемлекеттік қарыз көрсеткіші 50-80 пайыздан асатынын, кейбір мемлекеттерде тіпті 100 пайыздан жоғары екенін атап өтті.
Мен мұндай тәжірибені қолдайық деп отырған жоқпын. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен болуы керек деп санаймын. Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, халықаралық рейтингтік агенттіктер: Fitch, Moody’s және S&P Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын оң бағалап келеді. Еліміз аймақта жалғыз инвестициялық рейтингке ие мемлекет болып отыр. Бұл сыртқы қарыз алуда тиімді шарттарға жол ашады.
Бектенов мысал ретінде биыл қазанда орналастырылған еурооблигацияларды келтірді: олардың мөлшерлемесі 4,4 пайызды құраған.
Бұл – инвесторлардың Қазақстанға сенімінің айқын белгісі. Олар біздің экономикаға қаржы салуға дайын, – деді Премьер-министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
