«ҚазМұнайГаз» ұзақ мерзімге шығарылған еурооблигацияларының бір бөлігін мерзімінен бұрын сатып алып, оған шамамен 500 млн доллар жұмсады. Бұл туралы компанияның KASE-ге жолдаған хабарламасында жазылған, – деп хабарлайды kursiv.media
Операция барысында:
- 250 млн доллар көлемінде 2047 жылы өтелуі тиіс облигациялар;
- 249,8 млн доллар 2048 жылға дейін өтелетін облигация қайтарылды.
Инвесторларға бұрын есептелген, бірақ төленбеген пайыздар толық аударылған. Оған әр шығарылым бойынша шамамен 2 млн доллар жұмсалған.
Қайта сатып алынған облигациялар жойылып, айналымнан алынды. Ал қалған облигациялар нарықта айналып жүр: 2047 жылғы – 1 млрд доллар, 2048 жылғы – 1,25 млрд доллар.
Компания бұл шешімді қарыз портфелін оңтайландыру мақсатында, директорлар кеңесінің шешімімен қабылдағанын атап өтті.
Биыл «ҚазМұнайГаздың» юаньдағы облигациялары АІХ биржасында саудалана бастаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
