Қызанақ пен қияр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енсе ғана олардың бағасы бақылауға алынады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналист сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құрамын кеңейтесіздер ме? – деп сұрады БАҚ өкілі.
Әлеуметтік маңызды азық-түліктің 19 түрі бар. Жалпы жиі пайдаланатын азық-түліктің 29 түрі бар. Ал барлық азық-түлік түрлері – 160. Оны қалай реттейміз? Оны реттеуге ешқандай мүмкіншілік жоқ бізде. Бірақ ішінде қияр бар, қызанақ бар, қазір мықты өсетін. Олар Әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне кірмейді. Сол себепті талдау жасап, ертең керек болса, 4-5-еуін осы тізімге енгізуге тапсырма бердім. Себебі тек тізімге енгізсек, оларды қатаң бақылауға мүмкіншілік болады, – деп жауап берді.
Сондай-ақ тізімге жылқының еті сияқты еттің басқа түрлері де енуі мүмкін. Ол мәселе талдау жасалып, ұсыныстар енгізілген соң қаралады. Бірақ министр бұл мәселені жан-жақтан қарау қажет екенін айтты. Себебі өнімнің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енуі өндірушілерге жүктеме түсіріп, тауар көлеміне әсер етуі мүмкін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
