Қаржының сақталатын орны банк дейтін болсақ, біздің елде банктердің өзі қарыз екен. Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы 6 банкке мемлекеттік деңгейде қаржылық қолдау көрсетілген.
Нақты қандай банктерге көмек көрсетілгенін осы жылдың 26 сәуіріндегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Мәдина Әбілқасымова баян еткен болатын.
Агенттік төрағасының айтуынша, банктерді қаржылай қолдау бағдарламасы 2017 жылы бекітілген.
– Қазір қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен еді. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған-ды. Осы проблемалық займдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабылданды, – деді Әбілқасымова.
«Егемен Қазақстан» газетінің 12 мамыр күнгі санына шыққан Абай Аймағамбеттің «Борышы өтелмеген банктер» атты мақаласына да осы мәселе арқау болыпты. Онда 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФ банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK сынды қаржылық ұйымдар қатысып, жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алғаны туралы дерек келтірілген.
Банктерді қолдау не үшін керек? Олар онсыз да ақша сақтайтын, түрлі операциялар арқылы қаржысын арттыратын орын емес пе?.. Халыққа еселеп несие беріп, пайызын үстемелетіп алып отырған да осы қаржы ұйымдары екенін көпшілік жақсы біледі. Біз өз кезегінде әлеуметтік желі арқылы сауал тастаған едік…
Бағдат Есжанов есімді фейсбук пайдаланушысы: «Халықтан бір, мемлекеттен бір алып отыра ма сонда? Пайызы өте жоғары. Халықты титықтатып отырған осылардың пайызы…» деп пікір білдірді. Ал, Дәулет Спандияр есімді фейсбук қолданушысы: «Мемлекет қолдау керек. Егер де сол банктер халықтың алып, қайтара алмай отырған қарызын кешірсе. Бірақ сол қарызды халықтан сүлікше сорып, екі-үш еселеп қайтарып отыр. Сосын көзінің жасын сығып, Үкіметтен жыламсырап ақша сұрайды. Неге деп ойланудың да қажеті жоқ. Бір-ақ жауап бар. Билікте отырып алып, банктерге көмектесейік деп бастама көтеріп жүргендер бір уақытта мемлекет қызметкері әрі сол бір уақытта банктің иесі. Бұл сұрақтың бір ғана жауабы – осы» – деген пікір жазды.
Мемлекет банктерге қандай қолдау көрсетіп отыр. Жалпы банк саласындағы мемлекеттік қолдау дегеніміз не? Бұл сұраққа жауапты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың өз сөзімен берейік.
– Мемлекеттік қолдау дегеніміз – банктің депозиттер, облигациялар, несиелер бойынша банкке оны қайтарып алу үшін келесі көздерден тиімді шарттарда беретін міндеттемелері: мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор, Ұлттық банк, Қазақстанның тұрақты даму қоры, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты. Сондай-ақ экономиканы несиелеу бойынша мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілер, ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру аясында алынған қаражат мемлекеттік қарыз қаражаты болып есептелмейді. Дивидендтерді бөлу мемлекеттік қолдау арқылы алынған кірістерге жатпайды. Банктер дивиденд ретінде тек мемлекеттік қолдаудан түсетін кірістен тазартылған операциялық пайданы бөле алады. Бұл ретте банктердің дивидендті мемлекеттік қолдаудан дисконт (кіріс) шегерілгеннен кейін оң капитал болған жағдайда ғана төлей алатынын ескеру керек, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.
Банктер мемлекет қолдауын қалай кәдеге асырған? Бұл сауалға жауапты Ділдә Уәлибектің Тurkystan.kz-ке осы жылдың 12 мамырында жарияланған сараптамасынан табуға болады. Бұл мақалада «2017 жылдан бері 6,9 триллион теңге «нашар» несие есептен шығарылған, екінші деңгейлі сегіз дәрменсіз банктің лицензиялары қайтарылып алынған. Стрессті активтер 7,7 триллион теңгеден 2,3 триллион теңгеге дейін азайған. Проблемалық несиелер портфелі бойынша 982,4 миллиард теңге сомасында провизиялар қалыптастырылыпты. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер деңгейі 2017 жылғы 12,3 пайыздан 2021 жылы 3,3 пайызға дейін төмендепті. Мемлекеттік қолдауға ие болған алты банк жалпы 8,267 триллион теңге, оның ішінде заңды тұлғаларға 4,01 триллион теңге және жеке тұлғаларға 4,257 триллион теңге жаңа несие берген», – деп жазылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тізімге енгізілген алты банктің балансында 1,8 трлн теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қоры қалған. Бір қызығы, сауықтыру бағдарламасына 3 банк, нақтырақ айтсақ, Еуразиялық банк, ЦКБ және Нұрбанк әлі қатысып жатыр екен.
Несін жасырамыз, 2017 жылғы көмек тек бер жағы екенін ойлы оқырман жақсы біледі. Ақпарат көздеріне зер салсақ, 2007-2009 жылдары қаржылық дағдарыстан еліміздегі бірқатар банктер зардап шеккен. Бірақ ұлттық қордан сол уақытта 10 миллиард доллар көлемінде қаражат бөлініп, оның 4 миллиард доллары осы екінші деңгейлі банктерді құтқарып қалу мақсатында жұмсалған. Осыдан бастап банктерге үнемі ұлттық қордан ақша бөлініп, банктер мемлекеттен қолдау сұрап, тіпті зейнетақы қорынан да ақша бөлінген кездер болған. Сарапшылар Қазақстандағы банктердің қазір қолдауға аса зәру еместігін айтады. Тіпті жекеменшік банктерге көмек көрсетілмеуі керек деген де пікір бар. Мәселен, экономист Арман Байғанов: «…Мемлекеттен жекеменшік коммерциялық банктерге көмек көрсетілмеуі керек. Банктерге көмек Ұлттық қордан, халықтың қаражатынан алынады, сондықтан зардабын қарапайым халық көреді», – деген ойын айтқан.
Ділдә Уәлибектің «Көмекке мұқтаж банк па, халық па?» мақаласында: «2022 жылғы 30 қыркүйектегі дерек бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңгеге жеткен. Яғни мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген», – деп жазылған. Жақында бұл мәселені көтерген мәжілісмен Еділ Жаңбыршин жекеменшік банктер алып отырған шетсіз-шексіз қолдауға басқа мемлекеттік құрылымдар аса мұқтаж екенін айтты.
– Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімінен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған, – деді халық қалаулысы.
Тurkystan.kz сайтында жарияланған мақалада бас прокуратураның да ақпаратын негіз еткен. Онда көлемі 2 миллион гектар жердің екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде жатқаны мәлім етілген. Банктер мен каржы ұйымдары ол жерді не өздері пайдаланбайды, не мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы 2 миллион гектар жердің ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де бар.
– Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек. Соның бірден-бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауылшаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет, – деді депутат Бақытжан Базарбек.
2019 жылы Ұлттық сенім кеңесінің экономикалық топ модераторы Рақым Ошақбаевтың: «Соңғы 10 жылдың ішінде мемлекет банктерді қолдау мен құтқаруға 20 млрд доллар жұмсаған екен» деп айтқанын білеміз. Бұл сол кезде көпшіліктің жағасын ұстатарлық жаңалық болды. Сенсация деуге келе қоймас, бірақ қарапайым жұртшылық біле бермейтін жайт еді.
2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің енді банктерге көмектеспейтінін мәлім еткенін көпшілік жақсы біледі. Мемлекет басшысы бұл сөзді Жолдауда айтып, елдің назарын аударған еді. Экономист Мақсат Халық сол кезде (2021 жылғы 1 қыркүйек) informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында Президенттің дұрыс шешім қабылдағанын атап өтті. Тіпті банктер қолдауға шын мұқтаж емес, тек тегін көмекке бой үйретіп алған, деген де пікір білдірген. Біз де ат басын осы жерден тартып, қолдау банкке емес, халыққа керек деген түйінмен сөзімізді аяқтаймыз.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Суреттер ашық дереккөзден алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!