Қытай инвесторлары Қазақстанда жабылып қалған ескі өндіріс орындарына қызығады. Бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан Ca Long компаниясының өкілдері Түркістан облысына келді, – деп хабарлайды kursiv.media
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, Төлеби ауданында қытай инвесторларымен кездесу өтті. Делегация өкілдері аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловпен жүздесті.
«Қытайлық инвесторлар ауданда Кеңес өкіметі кезеңінде жұмыс істеп, қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан бірқатар өндіріс орындарына қызығушылық танытты. Аталған нысандарды қайта іске қосу, жаңғырту және жаңа өндірістер ашу мүмкіндіктері талқыланды», – деп таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Келіссөз барысында ауданның инвестициялық әлеуеті, экономикалық мүмкіндіктері және басым бағыттары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс және қайта өңдеу салаларындағы жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, нақты бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келді«.
Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдардың басында елдегі жүздеген зауыт пен фабрика терең экономикалық дағдарыс салдарынан жабылып қалды. Олардың дені кейін қайта ашылғанымен, елде қараусыз қалған өндіріс нысандары жетерлік.
Кейінгі жылдары қытай инвесторлары Қазақстан экономикасына көптеп кіріп жатыр. Олардың бірқатары Түркістан облысында жұмыс істейді. Мәселен, тақыр жерге мақта егіп жатқан Lihua қытай компаниясы, өнімі өртеніп кеткеніне қарамастан, инвестиция көлемін 600 млн долларға дейін арттырды. Ал Qingdao Wanlin Орталық Азиядағы ең ірі аквапаркті Түркістан қаласында салуды көздеп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
