2026 жылы салық көтеріліп, үй мен техника қымбаттайды деп қорыққан халық былтыр жыл соңында баспана мен ірі тауар нарығын қыздырған, – деп хабарлайды kursiv.media
Бұл туралы Ұлттық банктің «Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында» жазылған. Бұл баяндамада бас банк 2028 жылға дейінгі макроэкономикалық дамудың жаңартылған сценарийлерін ұсынады.
Құжатта экономикалық көрсеткіштермен қатар, халықтың тұтынушылық мінез-құлқына әсер ететін нақты факторлар мен ірі мегаполистердегі баспана нарығына қатысты маңызды талдау қамтылған.
Баяндаманың басты назар аударарлық тұсы — қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін өсуіне қатысты халықтың реакциясы.
Салық мөлшерлемесі көтерілетіні туралы ақпарат инфляциялық күтулердің нақты драйверіне айналған. Сауалнама деректеріне сүйенсек, өткен жылдың соңында респонденттердің төрттен бірі болашақтағы баға өсімін дәл осы ҚҚС факторымен байланыстырған.
Бұл қабылдау халықтың тек жақын арадағы емес, алдағы бес жылға арналған ұзақ мерзімді болжамдарына да айтарлықтай ықпал етті.Ең қызығы, салық өсімінен туындаған қорқыныш азаматтардың нақты экономикалық әрекеттерін өзгерткен.
ҚҚС-ты баға өсімінің басты себебі деп санайтын қазақстандықтар ірі тауарлар мен тұрғын үйді көбірек сатып ала бастаған.
Статистикалық мәліметтер бойынша, мұндай тұтынушылардың үлесі 22,5%-ды құраса, салық өсімін күтпегендер арасында бұл көрсеткіш небәрі 19,5% деңгейінде болған.
Халық тауар мен активтердің құны көтерілгенге дейін оларды тиімді бағамен алып қалу үшін «алдын ала сатып алу» стратегиясын таңдап отыр.
Бұл үрдіс жылжымайтын мүлік нарығына да өз әсерін тигізбей қоймайды. Баяндамада Астана мен Алматы қалаларындағы шаршы метр бағасына әсер ететін факторларға арнайы талдау жасалған. Тұрғын үй нарығындағы ахуал төлем балансы, валюта нарығындағы тұрақтылық және халықтың инфляциялық күтулері аясында қалыптасты.
2026 жылдың басынан қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
