Сейсенбі, 28 қазан, 20:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81, 2193
25.10.2025
PDF мұрағаты

Сарапшы бензин бағасын шектеу себебін түсіндірді

28.10.2025

49 0

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Қазақстан үкіметі АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын 2026 жылдың көктеміне дейін көтеруге тыйым салу туралы мораторий енгізді. Бұл шешімнің мақсаты – инфляцияны тежеу және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау. Алайда сарапшылардың айтуынша, мұндай қадам жанармай тапшылығына, инвестициялық ахуалдың нашарлауына және еліміздің ЕАЭО-ның бірыңғай отын-энергетикалық нарығынан қалып қоюына әкелуі мүмкін. Толығырақ – BAQ.KZ тілшісінің эксклюзивті материалында.

«Алға бір қадам – артқа екі қадам»

Жанармай бағасын өсіруге енгізілген мораторий Қазақстанның энергетикалық саясатына күтпеген өзгеріс әкелді. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бұл шешім – амалсыз қабылданған, бірақ қайшылықты шара.

Бағаның өсуіне мораторий енгізу – бұл алға бір қадам жасап, артқа екі қадам шегіну сияқты. Үкімет жылдың басында бағаны кезең-кезеңімен босату саясатын таңдаған болатын. Біз ай сайын 2–3 теңгеден біртіндеп өсім болғанын көрдік. Бұл мұнай компанияларына ішкі нарыққа бейімделіп, табысын есептеуге және мұнай өңдеу мен жанармай сату жүйесін ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік берді, – деді сарапшы.

Алайда оның айтуынша, бағаны 2026 жылдың көктеміне дейін тоқтату туралы кенет қабылданған шешім компаниялардың инвестициялық жоспарын жоққа шығарды.

Бұл шешім тым асығыс қабылданды және мұнай компанияларының жоспарын бұзды. Инвесторлар әдетте кем дегенде бір жылға алдын ала жоспар құрып, бұрғылау бағдарламаларына, инфрақұрылымға, жабдық сатып алуға қаражат бөледі. Ал “ойын ережесі” бір сәтте өзгерсе, бұл мемлекетке деген сенімді әлсіретіп, инвестициялық ахуалды шайқалтады, – деп атап өтті Жұмағұлов.

Инфляцияға қарсы саясат

Сарапшының пікірінше, мораторий енгізудің басты себептерінің бірі – үкіметтің инфляцияны шектеуге деген талпынысы.

Әрине, бұл шешім тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбаттап кетпеуі үшін қабылданды. Өйткені жанармай бағасы өскен сайын, логистика мен тасымал шығындары да қатар қымбаттайды. Кез келген тауар, әсіресе азық-түлік, өңірлер арасында жеткізуді қажет етеді. Биыл дизель отыны шамамен 10 пайызға, ал бензин 12 пайызға қымбаттады. Бұл көрсеткіштер инфляция деңгейіне тікелей әсер етеді, – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Жұмағұловтың айтуынша, бағаның тоқтатылуы мұнай өңдеу зауыттарына айтарлықтай әсер етпейді.

Біздің мұнай өңдеу зауыттары процессинг жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл модель бойынша зауыт тек мұнай өңдеу қызметін көрсетеді, ал шикізат пен дайын өнім мұнай компаниясына тиесілі. Яғни зауыт өз жұмысы үшін тек өңдеу ақысы түрінде табыс алады, ал жанармайды сату – компанияның міндеті. Сондықтан зауыттарға әсері шамалы, негізгі салмақ мұнай өндіруші инвесторлардың мойнына түседі, – деді сарапшы.

Жанармай тапшылығы мен «көлеңкелі ағын» қаупі

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мораторий енгізу келесі жылы жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін.

Бүгін Ресейде ахуал күрделі екенін көріп отырмыз. Дрондармен жасалған шабуылдар салдарынан көптеген мұнай өңдеу зауыттары жұмысын тоқтатып, жөндеуге жабылды. Бұл жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып жатыр. Әртүрлі деректер бойынша, Ресейде мұнай өңдеу көлемі шамамен 20 пайызға төмендеген. Бұған қоса, Ресей бірнеше айдан бері мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салып отыр, – деді сарапшы.

Мәлімдеуінше, Қазақстан дәстүрлі түрде Ресейден баж салығынсыз жанармай импортының белгілі бір көлемін резервтейді, бірақ келесі жылға арналған индикативтік баланс әзірге бекітілмеген.

Егер Ресей дизель отыны, авиакеросин немесе битум жеткізуді шектейтін болса, Қазақстанда тапшылық туындауы мүмкін. Оның үстіне, ішкі нарықтағы баға төмен болғандықтан, бұл көрші елдерге жанармайдың заңсыз “көлеңкелі ағуын” күшейтеді. Өйткені бізде бензин Ресейге қарағанда арзан болған кезде, шекара арқылы заңсыз тасымалдың көбеюі табиғи құбылыс, – деп атап өтті Жұмағұлов.

Мораторийдан кейін – біртіндеп қымбаттау

Мүмкін болатын тәуекелдерге қарамастан, сарапшы шектеу алынған соң бағаның күрт көтерілуі болмайды деп есептейді.

Энергетика министрлігі баға қалыптастыру мәселесін әрдайым бақылауда ұстайды. Тіпті мораторий аяқталғаннан кейін де өсім кезең-кезеңімен жүреді. Маңыздысы – бензин мен дизель де инфляцияға ұшырайтын кәдімгі тауар екенін түсіну. Компаниялар жабдықты шетелден әкеледі, қызметкерлердің жалақысын индексациялайды, несиелерін төлейді. Ешкім мұнайды қайырымдылық үшін өндірмейді. Бұл – бизнес, ал бизнес пайда әкелуге тиіс, – деді Нұрлан Жұмағұлов.

Мұнай саласы инвестициялық тартымдылығын жоғалтып алды

Сарапшының бағалауынша, Қазақстанның мұнай өндіру секторы шетелдік инвесторлар үшін бұрынғыдай тартымды емес.

Бізде салық саясаты тым қатаң. Мұнай компанияларын ішкі нарыққа өнімді мемлекет белгілеген бағамен жеткізуге міндеттейміз, экспортқа шектеу қоямыз. Ал ішкі нарықтағы баға төмен болғандықтан, бизнес рентабельділігін жоғалтады. Соңғы 30 жылда бірде-бір батыс компаниясы Қазақстанда мұнай өңдеу зауытын салуға инвестиция салған жоқ. Себебі бұл – экономикалық тұрғыдан тиімсіз, – деді сарапшы.

Жұмағұловтың айтуынша, елдегі үш мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы да мемлекет пен мұнай компанияларының есебінен жүзеге асқан.

Біз әлеуметтік мемлекетпіз. Нарығымыз жабық, мұнай өнімдерінің экспортын шектейміз. Тіпті Ресейдің өзінде баға бізден жоғары. Сондықтан біз “ішкі көпіршік” жағдайында өмір сүріп отырмыз, мұнда нарықтық бәсекенің орнын мемлекеттік реттеу басып кеткен, – деді спикер.

ЕАЭО-ның ортақ нарығына өту кейінге қалдырылды

Сарапшы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірыңғай мұнай-энергетика нарығына қатысты мәселеге де тоқталды.

Бастапқыда бірыңғай отын нарығы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланған еді. Алайда Қазақстан бұл мерзімді 2027 жылға шегерді. Әрі қарай да кейінге қалдыруы әбден мүмкін. Себебі біздегі баға тым төмен. Егер Ресей немесе Қырғызстан деңгейіне теңестірсек, қоғамда әлеуметтік шиеленіс туындайды, – деді Жұмағұлов.

Ол сондай-ақ бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баға өсіміне байланысты аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қарастыруды тапсырғанын еске салды.

Бай адам неге бюджет есебінен субсидияланатын арзан бензинге қол жеткізуі керек? Егер мемлекет халықты қолдағысы келсе, оны жалпыға ортақ баға реттеу арқылы емес, нақты мұқтаж азаматтарға бағытталған көмек арқылы жүзеге асыруы қажет, – деп түйіндеді сарапшы.

Қазақстан үшін ең үлкен сын – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен нарықтық экономиканың қағидаттары арасындағы тепе-теңдікті табу. Осы тепе-теңдік сақталмаса, әрбір жаңа мораторий тұрақтылыққа жасалған қадам емес, бұрынғы қателікті қайталау болып қала береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: