ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов 2025 жылы 28 қазанда елімізге ресми сапармен келген Финляндия президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа, өнеркәсіптегі, энергетикадағы, цифрлық, көліктік-логистикалық және су салаларындағы, сондай-ақ қаржы мен агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара іс-қимылға назар аударылды, делінген Үкімет басшысы баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
ҚР премьер-министрі Үкімет жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалауға алатынын атап өтті. Финляндия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі.
Келіссөздер барысында сауданы одан әрі ұлғайтуда, оның құрылымын әртараптандыруда, сондай-ақ экономиканың негізгі секторларына жаңа технологиялар енгізуде елеулі әлеует бары атап өтілді.
Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде көлік саласына қатысты логистикалық орталықтар, экспортқа бағдарланған өндірістік алаңдар және тағы да басқа нысандар салу жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Екі елдің цифрлық трансформация саласындағы түйісу нүктелері – Президент белгілеп берген Қазақстанның стратегиялық басымдығы ретінде атап өтілді. Елімізде суперкомпьютердің іске қосылуын алға тарта отырып, қазақстандық тарап Еуропадағы ең қуатты суперкомпьютерлердің бірі – LUMI-мен жұмыс істейтін Финляндиямен тәжірибе алмасуға әзір екендігін жеткізді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға дайын. Біз экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Үкімет елімізге келген инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Финляндия президенті Александр Стубб Қазақстанның инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
