Жылыту маусымының басталуына байланысты теміржолшылар өңірлердің коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз етілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында мамандар көмір тиеу жұмыстары жүргізілетін Дегелен станциясына барып, көмір тасымалының барысымен танысты. Мұнда тәулігіне 350 вагонға өтінім берілсе, орта есеппен 280 вагон тиеледі. Өскемен бағытындағы «Сейком» ЖШС және «Терминал Топливная компания» ЖШС көмір тұйықтарына күн сайын 15 вагоннан жөнелтіледі.
«Қаражыра» АҚ қазан айында республика бойынша 10 525 вагон (726,2 мың тонна) көмір тиеуді жоспарлаған. Айдың алғашқы жартысында Шығыс Қазақстан облысына 1 944 жартылай вагон (134,6 мың тонна) көмір жеткізілді, оның 38,9 мың тоннасы — коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа арналған.
«Терминал Топливная компания» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов көмір жеткізілімі тұрақты екенін атап өтті.
Айлық жоспар – 16 мың тонна, қазіргі таңда 8 мың тоннадан астам көмір қоймаға қойылды. Вагондар үздіксіз келіп жатыр, сондықтан тұрғындарды қамтамасыз етуде қиындық болмайды деп ойлаймын, – деді ол.
Кәсіпорын Өскеменнің сол жағалауы мен іргелес аудандарды, сондай-ақ «Айтас» ЖШС құс фабрикасын жылумен қамтамасыз етеді.
Новоустькаменогорск станциясы бастығының орынбасары Дәурен Айтуғанов көмір тиелген вагондардың уақтылы жеткізілетінін хабарлады.
Көмір келген бойда оны тұйықтарға жедел жеткіземіз. «Қаражыра» АҚ алдағы аптада жеткізілім көлемін ұлғайтатынын мәлімдеді, – деді ол.
«Сейком» ЖШС директоры Николай Кондратьев те көмір жеткізілімі тұрақты екенін атап өтті.
Бізге күн сайын 5-тен 12-ге дейін вагон келеді. Коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен зауыттарды да қамтамасыз етеміз. Жеткізілімі шамамен 30% – өнеркәсіп секторына тиесілі, – деді ол.
Компания мәліметінше, күніне 50-ден 220-ға дейін жүк көлігі көмір тұйығынан өтеді.
Өскемен-1 станциясы бастығының орынбасары Талғат Зияданов биыл қалада көмір сатылатын алаңдардың көбейгенін айтты.
Біз тұтынудың соңғы станциясы саналамыз. Барлық өтінім толық көлемде орындалуда, вагондар кідіріссіз жеткізіледі, – деді ол.
ҚТЖ өкілдері вагондар паркі жеткілікті екенін және кейбір бағыттарда жылжымалы құрамның артығы барын мәлімдеді. Көмір тұйықтары басшылығының басты тілегі –«Қаражыра» АҚ тарапынан көмір жеткізу көлемін арттыру.
Қазіргі таңда өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг бүкіл ел аумағында жүргізілуде. «ҚТЖ» ҰК АҚ көмір компанияларымен бірлесіп, жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен кәсіпорындардың қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз етуге күш салуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!