Экономист Бауыржан Ысқақ ақша айырбастау пунктеріндегі доллар тапшылығының негізгі себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл жағдай, ең алдымен, нарықтағы ұсыныстың азаюымен байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір халық пен бизнес долларды аз сатып жатыр, ал сатып алушылар саны көп. Осындай жағдайда айырбастау пунктері долларды жылдам сатып жіберіп, кейін оны қымбат бағамен қайта алуға мәжбүр боламыз ба деп сақтанады. Бұл – нарықтық дисбаланс, – деді сарапшы.
Теңгенің күшеюі – тұрақты үрдіс емес
Экономист теңгенің соңғы күндері техникалық түрде нығаюына да тоқталды. Оның пікірінше, доллар тапшылығы бағамның уақытша күшеюіне әсер етуі мүмкін, бірақ бұл шынайы экономикалық нығаюды білдірмейді.
Қазіргі күшеюдің негізгі себептері – қысқа мерзімді факторлар: сыртқы қарыз төлемдерінің азаюы, ұлттық компаниялардың салық төлеу үшін валютаны сату кезеңдері және мұнай бағасының уақытша жоғарылауы. Сондықтан бұл ұзақмерзімді тренд емес, – деді Ысқақ.
Экономист ұзақ мерзімді перспективада теңгенің әлсіреу қаупі сақталатынын атап өтті. Бұған импорттың жоғары болуы, экономиканың сыртқы валютаға тәуелділігі, экспорттың шектеулі көлемі және бюджеттің шикізатқа байлануы әсер етеді.
Доллар тапшылығы – дағдарыс емес
Сарапшы доллар тапшылығын дағдарыстың белгісі деп атауға болмайтынын, алайда оның нарықтағы сенімнің төмендегенін көрсететінін айтты.
Валюталық операциялар баяулаған. Долларға қол жеткізу қиындаған сайын халықта “долларды ұстап қалу керек” деген түсінік күшейеді. Адамдар депозиттерін долларға ауыстыруға немесе қолына түскенде бірден сатып алуға бейім болады, – деді экономист.
Бауыржан Ысқақ мұнай бағасының теңге үшін шешуші фактор екенін атап өтті. Мұнай қымбаттаса, экспорттан түсетін кіріс көбейіп, теңге нығаяды. Керісінше, мұнай арзандаса, теңге әлсірейді.
Сонымен қатар, геосаяси тұрақсыздық кезінде инвесторлар тәуекелден қашып, долларға сұраныс артады. Бұл да теңгені әлсіретеді.
Экономистің айтуынша, қараша айында Ұлттық қордан бөлінген 700-800 млн доллар көлеміндегі интервенция да доллар бағамының төмендеуіне ықпал еткен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
