Сәрсенбі, 31 желтоқсан, 22:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100, (2212)
31.12.2025
PDF мұрағаты

Теңгелік депозиттер бойынша пайыз өсті: салымшылар нені ескеру керек?

31.12.2025

53 0

Фото: Egemen.kz.

Елімізде банктер теңгемен ашылатын депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеріп жатыр. Бұл өзгеріс елдегі ақша-несие саясатына және банк нарығындағы бәсекенің күшеюіне байланысты, деп жазады Egemen.kz.

Мамандардың айтуынша, әр банк депозит мөлшерлемесін өз саясатына сай белгілейді. Бұл шешімге Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлеме, өзге банктердің ұсыныстары және халықтың салымдарын тарту үшін жұмсалатын қосымша шығындар әсер етеді.

Қай депозиттер бойынша өсім байқалды?

2025 жылғы 30 желтоқсандағы дерекке сәйкес, депозит нарығының бірнеше түрінде пайыз өскен:

  • мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлемені 2 банк көтерді;
  • толықтыруға болатын мерзімді депозиттерде 3 банк өзгеріс енгізді;
  • толықтыруға болатын жинақ депозиттерінде 7 банк өсім жасады;
  • толықтырусыз жинақ депозиттерінде 5 банк пайызды арттырды.

Ең жоғары табыстылық мерзімді және жинақ депозиттерде тіркелді. Кейбір банктер бұл салымдар бойынша жылдық 20–20,5 пайыз ұсына бастады. Мұндай жоғары пайыз, негізінен, 3–6 айға ашылатын депозиттерге қатысты.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры түсіндіруінше, банктер ақшаны мерзімінен бұрын алу немесе толықтыру шектелген салымдарға жоғары пайыз төлеуге дайын. Себебі мұндай қаражат банк үшін тұрақты ресурс саналады.

Мерзімсіз депозиттерде не өзгерді?

Мерзімсіз депозиттер Қазақстан азаматтары арасында ең кең тараған өнім ретінде қалып отыр. Оның себебі – ақшаны қалаған уақытта салып, қажет кезде шешіп алу мүмкіндігі.

Теңге долларды ығыстырды: Депозиттегі ұлттық валюта үлесі күрт өсті

2025 жылы базалық мөлшерлеме 15,25 пайыздан 18 пайызға көтерілгеннен кейін банктер бұл салым түрінің шарттарын да қайта қарады. Жыл басында ең жоғары пайыз 15 шамасында болса, желтоқсанда 16,9 пайызға дейін өсті. Нарықтағы орташа мөлшерлеме 15,3 пайызға жетті. Сонымен қатар мұндай депозит ұсынатын банктер саны артты.

Банктер арасындағы бәсеке күшейді

Мерзімді депозиттер сегментінде де өзгеріс бар. Бұрын бұл өнімді 4 банк ұсынса, қазір олардың саны 7-ге жетті. Бір жыл ішінде ең жоғары пайыз 16,7-ден 20 пайызға дейін көтерілді.

Депозиттен қомақты табыс табуға бола ма?

Жинақ депозиттері бойынша да осындай үрдіс байқалады. Толықтырусыз жинақ салымдарында пайыз 18,5-тен 20,5 пайызға дейін өсті. Жыл соңында 11 банк депозиттердің түрлі түрі бойынша 20 пайыздық табыс ұсынып отыр.

Салымшыларға кеңес

Мамандар депозит таңдағанда тек жоғары пайызға емес, келісімшарт шарттарына да назар аударуға шақырады. Ақшаны толықтыру, мерзімінен бұрын шешу мүмкіндігі және банктің қаржылық тұрақтылығы маңызды.

Сондай-ақ кепілдендірілген өтемақы мөлшері еске салынды:

  • теңгедегі жинақ депозиттері – 20 млн теңгеге дейін;
  • ұлттық валютадағы өзге депозиттер – 10 млн теңгеге дейін;
  • шетел валютасындағы депозиттер – 5 млн теңгеге дейін.

Егер бір банкте бірнеше депозит ашылса, өтемақы белгіленген шектер аясында, бірақ жалпы сомасы 20 млн теңгеден аспай төленеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: