Қазақстан экономикасында алдағы жылдары іске асатын ең ауқымды қаржы құралдардың бірі – Үкіметтің «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру туралы шешімі. Бұл қомақты ресурс нақты секторды дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және өңірлік экономикаға жаңа серпін беруге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа кезеңде «Бәйтерек» елдің инвестициялық холдингі мәртебесін алып, алдағы 5–7 жылда 15–20 жүйе құрайтын жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Мұндай жобалар Қазақстан экономикасының құрылымын өзгертіп, шикізатқа тәуелділікті біртіндеп азайтуға ықпал етуге тиіс.
Нақты секторға дүмпу беретін шешім
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы бұл қаржының бағыттарын нақтылай отырып:
Республикалық бюджеттен қосымша жалпы ел үшін маңызы бар нысандар мен сындарлы инфрақұрылым қаржыландырылатынын атап өткім келеді. Экономиканың нақты секторын дамыту үшін «Бәйтерек» АҚ шамамен 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделеді, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл қаражат өңірлердегі зауыттар құрылысынан бастап, автожолдар мен теміржол инфрақұрылымын кеңейтуге дейінгі жобаларға жұмсалады. Осы тетіктердің барлығы бірлесіп жалпы даму бюджетін көбейтеді және елдің ұзақмерзімді экономикалық әлеуетін арттырады.
Өңдеу өнеркәсібін күшейтетін бағыттар
«Бәйтерек» енді ірі өндірістік жобаларға тікелей серпін береді. Холдинг басшылығы биыл басталған ірі бастамаларды атап өтті.
Жандос Шайхының сөзінше, басымдық – шикізатты терең өңдеу.
Қазақстанда тыңайтқыш көп тұтынылады, бірақ олардың басым бөлігі импортпен келеді. Біз құны бір миллиард доллардан асатын «Еврохим» жобасын қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Екі жылдан кейін зауыт өзімізді толық қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік нарықтың 4%-ына дейін үлес алуға мүмкіндік береді, – деді холдинг басшысының орынбасары.
Астықты өңдеу бағытында да 4-5 жоба қаржыландырылып жатыр. Олардың көбі солтүстікте орналасқан, ал оңтүстікте жүгері өңдеу бағытындағы өндірістер жолға қойылуда.
Бұл – биыл жиналған 27 млн тоннаға жуық рекордтық астықты тиімді пайдаланудың жолы.
«Бәйтерек» фермерлерге техника сатып алуға, тыңайтқыш пен тұқым алуға, кейін өнімді өңдеу зауыттарын құруға дейін толық тізбекті қаржыландырады. Яғни агросекторда «шикізаттан дайын өнімге» дейінгі тұтас экожүйе қалыптасуда.
Жеке бизнесті ығыстыру қаупі бар ма?
Мемлекеттік қолдаудың көлеміне байланысты «жеке сектор шетке ығысуда» деген пікір жиі айтылады. Холдинг басшысы бұл сұраққа былай жауап берді:
Біз аз жасасақ – жеткіліксіз дейді, көп жасасақ – тым көп болды дейді. Сондықтан тепе-теңдікті табу керек… Коммерциялық банктер 10–20 жылға ұзақ мерзімді, тәуекелі жоғары несиелер беруге дайын емес. Сол себепті бизнес бізге келеді, – деді Жандос Шайхы.
Яғни «Бәйтерек» банктердің орнын баспайды, керісінше, оларды толықтырады. Зауыт іске қосылғаннан кейін кәсіпорындардың айналым қаражатын банктер қаржыландыра береді.
Банктермен жаңа қарым-қатынас
Холдинг банктермен жұмыс істеу тетіктерін күшейтіп жатыр.
Аптасына бір мәрте жобалық кеңес отырысын өткіземін. Онда банктермен және реттеушілермен бірге нақты жобаларды талқылаймыз, – дейді Жандос Шайхы.
«Бәйтеректе» 60-тан астам қаржылық құрал бар. Сол себепті холдинг банктерге әр бағдарлама қалай жұмыс істейтінін ашық түсіндіріп, жүйелі диалог жүргізіп отыр.
Қай салаларға басымдық беріледі?
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы жылдары мына салаларға ерекше көңіл бөлінеді:
- металлургия;
- көмір және газ саласы;
- мұнай-химия;
- химия өнеркәсібі;
- ауыл шаруашылығын терең өңдеу;
- жасанды интеллект;
- туризм.
Жобаларды іріктеу үшін тәжірибелі мамандардан құралған Инвестициялық кеңес құрылады. Бұл шешім қабылдау процесін ашық етеді, – деді вице-премьер.
Осылайша, қаражат ел үшін стратегиялық маңызды, технологиясы жаңашыл, жұмыс орны көп ашатын жобаларға ғана бағытталатын болады.
Экономистер не дейді?
Экономист Бауыржан Ысқақ бұл шешімнің экономикаға бірнеше оң ықпалы барын атап өтті.
Үкіметтің «Бәйтерек» холдингіне 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлуі жалпы бюджеттік трансферт немесе инвестициялық капитал салу болып саналады. «Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы инвестициялық несие және даму институттарының қызметін үйлестіреді. Оған негізгі қаржының бөлінуі – шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, экспорттың әлеуетін арттыру мен инвестициялық жобаларға кепілдік беру сияқты бағыттарға арналған, – деді экономист.
Сарапшының пікірінше, оң әсері басым. Олар:
- Жаңа жұмыс орындары және өңірлік теңгерім.
- Инфрақұрылымдық жобалар аймақтық экономикаларды күшейтеді.
- Экспорттық әлеуеттің өсуі.
- Терең өңдеу жобалары өнім сапасын арттырып, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
- Қаржы жүйесінің тұрақтануы.
- Несиелеу тетіктері банктердегі сенімділікті арттырады.
Тәуекелдер де бар
Бауыржан Ысқақ үш негізгі қауіпке назар аударды.
Үлкен көлемдегі қаржы нарыққа қосымша ақша массасын енгізсе, қысқа мерзімде бағаның өсуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Бұл әсіресе, импортқа тәуелді секторларда байқалуы мүмкін. Одан кейінгі мәселе – қаржыны тиімді қолдану тәуекелі. Егер қаражат тиімді жобаларға жұмсалмаса, мемлекеттік борыш көлемі ұлғаяды немесе әртүрлі түсініксіз жобаларға да жұмсалып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан қаржыны басқару ашықтығы мен мониторингілеудің маңыздылығын да арттыруымыз керек, – дейді экономист.
Сарапшының пайымынша, үш негізгі тәуекел:
Инфляциялық қысым
- Үлкен көлемдегі қаржы қысқа мерзімде бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін.
Қаражатты тиімсіз пайдалану қаупі
- Түсініксіз жобаларға жұмсалса, мемлекеттік борыш өседі.
Экономикадағы дисбаланс
- Белгілі бір салаларға тым көп бағытталуы басқаларын тежеп қалуы мүмкін.
Сарапшы қаражаттың ашық басқарылуы, цифрлық бақылау және мониторинг платформаларын қолдану аса маңызды екенін айтты.
Шағын және орта бизнес үшін мүмкіндік
Экономист Алдияр Саматов базалық мөлшерлеме көтерілген қазіргі жағдайда мұндай қолдаудың өзекті екенін атап өтті:
Егер бұл қаражат шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын болса, арзан несие алуға мүмкіндік берсе, ол – жақсы бастама. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергені белгілі. Ол дегеніміз кәсіпкерлер несиені одан да жоғары мөлшерлемемен төлейді. «Бәйтерек» және екінші деңгейлі банктермен серіктестікте болса, базалық мөлшерлемені түсіруге бағыттауға болады деп ойлаймын. Бұл бастама шағын және орта бизнеске пайдалы болатынына сенімдімін. 17 жобаны қолдауға бағытталғаны айтылды. Сондай-ақ «Бәйтерекке» тағы да қосымша қаржы тарту міндеттелетіні сөз болды. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асса, бүл ел экономикасы үшін Үкімет тарапынан жақсы қолдау екені сөзсіз, – деп түсіндірді экономист.
Оның айтуынша, банктермен серіктестікте жеңілдетілген несие беру – кәсіпкерлерге нақты көмек болады.
Жаңадан бизнес бастауға қолайлы кезең
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы қазіргі жағдай бизнесті дамытуға қолайлы екенін алға тартты.
Дәл қазір Қазақстанда бизнес ашуға да, қолдағы кәсіпті кеңейтуге де өте қолайлы уақыт. Біз қаржыландыратын жобалардың бәрінің өзін-өзі ақтау мерзімі бар. Қарыздың мерзімі бар, 100% қайтарылуы керек және олар ақылы – пайыздық мөлшерлемесі белгіленеді. Яғни кәсіпкерлер, бизнес иелері бұл қызметтің құнын төлейді. Тек айырмашылығы – бұл мөлшерлеме коммерциялық банктермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, жеңілдетілген. Халықаралық банктерден де арзан. Сондықтан кәсіпкерлер үшін өте тиімді, – деді Жандос Шайхы.
2029 жылға дейін ЖІӨ-ні екі еселеу міндеті тұр. Сондықтан инвестиция көлемін ұлғайту – стратегиялық мақсат.
«Бәйтерек» тарапынан алғанда, қаржыландыруға толық мүмкіндік берілген – жол ашық, – деді холдинг басшысының орынбасары.
1 трлн теңге не береді?
Егер қаражат тиімді игерілсе, Қазақстан экономикасында мынадай өзгерістер күтіледі:
- өңдеу өнеркәсібінің қарқыны артады;
- агросекторда толық өңдеу тізбегі қалыптасады;
- жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылады;
- экспортталатын өнімнің түрі көбейеді;
- өңірлік экономика күшейеді;
- кәсіпкерлерге қолжетімді, ұзақ мерзімді қаржы ұсынылады;
- үлкен жобалар арқылы технологиялық жаңару басталады.
Ал негізгі тәуекелдер – инфляция, қаражаттың тиімсіз жұмсалуы және секторлар арасындағы теңгерім бұзылуы.
Дегенмен сарапшылардың ортақ пікірі мынаған сая-ды: егер барлық тетік дұрыс жұмыс істесе, бұл шешім Қазақстан экономикасын жаңа даму кезеңіне алып шығары сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
