Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында тұтынушылық несиеге шектеу қоюы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің отырысында мәлімдеді.
Биыл қыркүйектен бастап минималды резервтік талаптардың жаңа нормативтері күшіне енді. Бұл шара артық өтімділікті азайтып, ақша-кредит саясатының әсерін күшейтуді көздейді. Нәтижесінде нарықтағы өтімділік көлемі 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін төмендеді. Келесі кезеңдерде бұл көрсеткішті тиісінше 3,5 және 3,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспарланып отыр, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.
Айтуынша, Ұлттық банк валюталық операцияларды теңестіру тетігін іске қосты. Тоғыз айда шамамен 2,3 трлн теңге айналымнан алынды, жыл соңына дейін тағы 1,4 трлн теңге алу көзделген.
Бұл эмиссиялық қысымды төмендетуге және жаңа артық өтімділіктің пайда болуына жол бермейді. Сондай-ақ бөлшек несиелендіруді шектеуге арналған жаңа макро және микропруденциалдық құралдар енгізілді. 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап банктер жеке тұлғалар портфелі бойынша тәуекелге сараланған активтердің 2% көлемінде қосымша капитал буферін қалыптастырады. Бұл 460 млрд теңгеден астам қаржыны қамтиды. Осылайша банктердің бөлшек несие портфелін шамадан тыс ұлғайтуға деген ынтасы азаяды. Бұл шаралар корпоративтік секторды көбірек несиелеуге ынталандырады, – деді Тимур Сүлейменов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!