Қазақстанда ұнның бөлшек саудадағы бағасы жыл ішінде бірден 45 пайызға қымбаттады. «Еnergyprom.kz» мәліметінше, қаңтар мен қыркүйек аралығында еліміздің диқандары 2,3 млн тонна ұн өндірген.
Ел қамбасын Қостанай облысы 784,1 мың тонна ұнмен қамтамасыз етіп, ең көп өнім өндірген өңір атанды. Содан кейін 243,7 мың тоннамен Солтүстік Қазақстан облысы тұрса, Шымкент қаласына 197,6 мың тонна тиесілі. Нәтижесінде елдегі ұн тартатын кәсіпорындар ішкі нарықты өніммен толықтай қамтамасыз етуде.
Айта кетерлігі, биыл қаңтар-тамыз аралығында ұн экспорты 28,3 пайызға артып, 1,1 млн тоннаға жеткен. Алайда ішкі нарықта ұн сату көрсеткіші 838,8 мың тоннаға дейін қысқарған. Сонымен қатар 2021 жылмен салыстырғанда биыл тұтынушыларға арналған ұнның бағасы жыл басынан бері 41,3 пайызға және 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда 44,3 пайызға қымбаттады.
Қазан айында жоғары сұрыпты бидай ұнының бөлшек саудадағы бағасы 1 келісі үшін 369 теңгені, бірінші сұрыпты ұн 245 теңгені құрап отыр. Қалалар арасында жоғары сұрыпты бидай ұнының ең қымбат бағасы Астанада, 1 келісі 447 теңге. Ақтауда − 411 теңге, Шымкентте − 406 теңге. Ал арзан қала тізімінде Ақтөбе (келісі 279 теңге), Павлодар (292 теңге), Жезқазған және Семей (296 теңге) көш бастап тұр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!