Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызметін Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі негізінде жүзеге асырады. Кодекстің ережелеріне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына жеткен азаматтар алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зейнет жасына жеткен азаматтар үшін
Ер адамдар 63 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Әйелдер үшін зейнет жасы қазіргі таңда 61 жас болып белгіленген.
2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға өсіп отырады, ал 2031 жылы 63 жасқа жетіп, ерлермен теңестіріледі.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін
Зейнетақы төлемдерін мерзімсіз бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар да ала алады. Бұл азаматтар БЖЗҚ-дағы өз жинақтарын белгіленген тәртіп бойынша пайдалана алады.
Қауіпті өндірісте еңбек ететін азаматтар үшін
Қауіпті немесе зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар да зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану құқығына ие.
Ол үшін азамат:
- 55 жасқа толуы қажет;
- кемінде 84 ай (7 жыл) бойы міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударған болуы керек.
Осы талаптар орындалған жағдайда, азамат өз жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалана алады.
Шетелге тұрақты тұруға кеткендер үшін
Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өз жинақтарын бір жолғы төлем түрінде алуға құқылы.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары салымшының жеке меншігі болып табылады. Сондықтан салымшы қайтыс болған жағдайда, оның жинақтары заңнамаға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.
Зейнетақы төлемдері қалай жүргізіледі?
Зейнет жасына жеткен және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға төлемдер ай сайын, белгіленген төлем кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Ай сайынғы төлем мөлшері арнайы есептеу әдістемесіне сай анықталады. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,5 пайыздық мөлшерлемеге көбейтіліп, шыққан сома 12 айға бөлінеді. Осылайша, азаматтың алғашқы жылы алатын ай сайынғы төлемі есептеледі.
Келесі жылдары бұл төлем мөлшері жыл сайын 5 пайызға ұлғайып отырады.
Мысалы:
ЗЖ сомасы=6 000 000 теңге
Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге.
Бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай=32 500 теңге.
Екінші жылға ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлгері: 32 500+32 500*5%=34 125 теңге.
Бұл жерде айта кететін жайт – егер зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы ең төменгі зейнетақының 12 айлық мөлшерінен аз болса, онда бұл қаражат бір жолғы төлем ретінде бір рет беріледі. Ал егер жинақталған сома аталған мөлшерден жоғары болса, төлемдер ай сайын жүргізіліп отырады.
Зейнетақы төлемін алу тәртібі қандай?
Зейнет жасына жеткен азаматтар төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгінеді.
Мұнда «бір терезе қағидаты» бойынша үш өтінішті қатар тапсыруға болады:
- Базалық зейнетақыны тағайындау үшін;
- Жасына байланысты мемлекеттік зейнетақыны алу үшін;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарды алу үшін.
Осылайша, азаматтарға БЖЗҚ кеңсесіне жеке барудың қажеті жоқ — барлық рәсімдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бар азаматтар қалай өтініш береді?
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар өз өтініштерін бірнеше жолмен бере алады:
- БЖЗҚ-ның кез келген филиалына барып немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып, ресми сайттағы жеке кабинет арқылы немесе мобильдік қосымша арқылы өтініш жібере алады.
Өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде азаматтың ай сайынғы зейнетақы төлемі оның банктік шотына аударылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
