Дүйсенбі, 03 қараша, 15:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83, 2195
01.11.2025
PDF мұрағаты

Зейнетақы табысын қалай арттыруға болады?

03.11.2025

73 0

Фото: BAQ.KZ

Қазақстанда халықтың қартаюы мен еңбек нарығының өзгеруі жағдайында зейнет жасындағы өмір сапасын қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде зейнетақы табысының жеткіліктілігі мен оны арттыру жолдарына қоғам тарапынан қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) Стратегиялық даму департаменті, Стратегия және талдау басқармасының бастығы Айжан Темірланның айтуынша, “лайықты зейнетақы табысы” дегеніміз – адамның зейнетке шыққаннан кейін де өз өмір сүру деңгейін сақтап, қаржылық қиындық көрмейтіндей табыс мөлшері.

Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына сәйкес, зейнетақы табысының жеткіліктілік көрсеткіші, яғни алмастыру коэффициенті кемінде 40 пайыз болуы керек. Бұл көрсеткіш зейнетақының еңбекке дейінгі табысқа қатынасын білдіреді. Қазақстанда ол шамамен 41 пайыз деңгейінде. Ал дамыған елдерде орташа көрсеткіш – 60 пайыз, – деді сарапшы.

Айжан Темірланның айтуынша, Қазақстанда зейнетақы бірнеше көзден қалыптасады:

• базалық зейнетақы – еңбек өтілі мен төленген жарналарға байланысты мемлекеттік бюджеттен төленеді;

• ынтымақты зейнетақы – 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді;

• жинақтаушы жүйеден төлемдер – БЖЗҚ-дағы міндетті, кәсіби, жұмыс беруші және ерікті жарналар есебінен қалыптасады.

Сарапшының айтуынша, жинақтардың жеткіліксіз болуына бірқатар себептер бар: жарналардың тұрақсыз төленуі, көлеңкелі экономикадағы жұмыс, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жүйеге қатыспауы, сондай-ақ мерзімінен бұрын жинақтарды пайдалану.

Зейнетақы табысын арттырудың ең тиімді жолы – зейнетақы жарналарын тұрақты аударып отыру. Бұған қоса, азаматтар ерікті зейнетақы жарналарын енгізіп, жұмыс беруші төлейтін жарналарды да өз пайдасына тиімді пайдалана алады. Сондай-ақ, жинақтарды жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық портфеліне беру арқылы табыстылықты арттыруға мүмкіндік бар, – деп атап өтті Темірлан.

Маманның айтуынша, базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы да зейнетақы табысының жеткіліктілігіне оң әсер етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027 жылға қарай базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері өмір сүру минимумының 70 пайызына, ал ең жоғарғы мөлшері 120 пайызына дейін жеткізіледі, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл шаралар қарт жастағы азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың өмір сапасын, тұрмыс деңгейін және белсенділігін сақтауға мүмкіндік береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: