Қазақстан Үкіметі ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы қабылданды. Бұл құжат жаңа Бюджет кодексі талаптарына сәйкес әзірленіп, елдің әлеуметтік және экономикалық даму бағыттарын айқындайтын басты қаржы құжаты болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бюджетті ұсынған Қаржы министрі Мәди Такиев оның негізгі бағыттарын таныстырды, ал экономист Бауыржан Ысқақ жобаның мазмұнын талдап, оның экономикалық және әлеуметтік әсеріне сараптамалық баға берді.
“2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы ұсынылып отыр. Құжат Бюджет кодексіне сәйкес, 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болды. Бұл нәтижеге және тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексін қолдану аясында қалыптасқан алғашқы бюджет, – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Оның айтуынша, бюджет қаражаты нақты қайта бөлініп, басым бағыттарға бағытталған:
- 30 млрд теңге – өңірлік инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға;
- 4 млрд теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге;
- 1,4 трлн теңге – дамудың басым шараларына қайта бөлінді.
Алғаш рет шығыстарға бюджеттік шолу жүргізіліп, мемлекеттік органдардың базалық шығындары қайта қаралған. Нәтижесінде 68 млрд теңге оңтайландырылып, әкімшілік шығыстардың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін қысқарған.
Жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы
Мәди Такиев атап өткендей, бюджет өзінің әлеуметтік бағдарын сақтап отыр.
Жалпы алғанда, бюджет әлеуметтік бағыттағы құжат болып қала береді. 2026 жылы 10,7 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдерге, ал 3,9 трлн теңге – адами капиталға салынатын инвестицияларға қарастырылған. Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар мен шығыстардың тиімділігін арттыру арқылы азаматтардың өмір сапасын жақсарту, – деді министр.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктері енгізіліп, көмек көрсету процесі проактивті форматқа көшірілмек. Бұл адами факторды азайтып, бюрократияны қысқартып, әлеуметтік қызметтердің жылдамдығын арттырады.
Экономист Бауыржан Ысқақ бұл ұстанымды толық қолдап, ойын айтты.
Әлеуметтік міндеттемелерді орындау – бюджеттің айрықша басымдығы. Бұл халықтың табысын қорғау және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау стратегиясының жалғасы. Адам капиталына, денсаулық сақтау, білім және ғылымға бөлінген қаржы орта мерзімді дамуға арналған инвестиция болып саналады, – деді спикер.
Ол атап өткендей, бұл саясат әлеуметтік тұрақтылықты сақтау арқылы экономикалық өсімге негіз қалайды.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылы:
- Денсаулық сақтау саласына – 2,7 трлн теңге бөлінеді (бұл өткен жылдан 107 млрд теңгеге көп);
- Білім және ғылымға – 902 млрд теңге;
- Мәдениет, туризм және спортқа – 263,5 млрд теңге бағытталады.
Мәди Такиевтің айтуынша, бұл шаралар қызмет сапасын арттыруға, дарынды жастарды қолдауға және ғылыми әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.
Бауыржан Ысқақ осы бағыттардың маңыздылығын түсіндірді.
Білім мен денсаулыққа салынған инвестициялар ұзақмерзімді қайтарым әкеледі. Бұл – еңбек өнімділігін арттыратын, адами капитал сапасын көтеретін ең маңызды бағыт.
Үш жылда өңірлер қалай дамиды?
Алдағы үш жылдық бюджетте өңірлерді дамытуға 581 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылға 300 млрд теңге жоспарланған. Сонымен қатар әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бағытталады, – деді Қаржы министрі.
Экономист Бауыржан Ысқақ бұл бағытты оң бағалап отыр.
Бюджеттік тәуелділікті азайту, яғни өз кірістер үлесін арттыру – маңызды міндет. Өңірлік деңгейде табыс базасын кеңейту елдің экономикалық дербестігін арттырады және өңірлік теңгерімді қамтамасыз етеді.
Бюджетке қанша пайда келеді? Болжам
2026 жылы республикалық бюджеттің түсімдері 23,1 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Оның ішінде, трансферттерді қоспағанда, өз кірістері 19,2 трлн теңге. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге көп.
Бюджет тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-нің 2,5%, ал 2028 жылы 0,9% деңгейіне дейін төмендейді.
Бұл бюджеттік тәртіпті нығайтуға және борыштық жүктемені азайтуға алып келеді, – деді Мәди Такиев.
Ал экономист Бауыржан Ысқақ бұл тұста нақты талдау жасады.
Үкімет бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігін азайтуға және өз кірістер үлесін арттыруға бағытталған. Бұл – экономикалық дербестікке бастайтын оң қадам. Дегенмен Қазақстан экономикасы әлі де табиғи ресурстар экспортына тәуелді. Ұлттық қордан жыл сайынғы 2,8 трлн теңгелік кепілдендірілген трансферт сақталып отыр. Демек толық тәуелсіздікке жету үшін әртараптандыру мен салықтық әкімшілікті күшейту қажет, – деп ойын айтты сарапшы.
Мұнай мен доллар “тағдыры” ше?
Бюджет болжамы консервативті параметрлерге сүйеніп жасалған.
- Мұнай бағасы – барреліне 60 доллардан төмен емес;
- Доллар бағамы – 540 теңге шамасында.
Бауыржан Ысқақ бұл болжамдардың орындалуы экономикалық тұрақтылыққа байланысты екенін атап өтті.
Егер нақты экономикалық динамика осы базалық сценарийге жақын болса, бюджет кірістері де орындалуы ықтимал. Бірақ инфляцияның өсуі, теңгенің әлсіреуі немесе мұнай бағасының құлдырауы кіріс жоспарына қауіп төндіреді. Сондықтан макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, алтын-валюта резервтерін тиімді басқару және кірістерді жинауды күшейту аса маңызды, – дейді экономист.
“Халықтың нақты табысын арттыру үшін бюджеттік өсім инфляциядан жоғары болуы керек”
Сарапшы инфляцияның бюджеттік саясатқа ықпалына ерекше тоқталды.
Инфляцияны тежеу үшін бюджеттік саясат монетарлық саясатпен үйлесуі тиіс. Егер шығыстар сұранысты тым арттырса, қысқа мерзімде инфляциялық қысым күшейеді. Ал инфляция жоғары болса, номиналды табыстың өсуі нақты табысқа айналмайды. Сондықтан халықтың нақты табысын арттыру үшін бюджеттік өсім инфляциядан жоғары болуы керек, – деп есептейді Ысқақ.
Экономист Бауыржан Ысқақ үш жылдық бюджеттің экономикалық өсімге ықпалын былай сипаттады:
Егер инфляция, теңге бағамы және мұнай бағасы бойынша болжамдар орындалса, бюджет әлеуметтік міндеттемелерді орындай отырып, инфрақұрылым мен адам капиталына инвестиция жасайды.
Бұл экономиканың сапалы өсуін қолдауға мүмкіндік береді. Бірақ сыртқы шоктар, мысалы, мұнай бағасының күрт төмендеуі немесе теңгенің әлсіреуі сценарийді бұзуы мүмкін. Бюджеттің тиімділігі оның орындалу сапасына, реформалардың жүзеге асуына және макроэкономикалық саясаттың үйлесіміне тікелей байланысты.
Жалпы, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мен экономикалық дербестікті арттыруды үйлестірген құжат.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бюджет елдің стратегиялық дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сапасын арттыруға және экономикалық өсімге жаңа серпін беруге бағытталған.
Ал экономист Бауыржан Ысқақ бұл құжаттың табысты орындалуы макроэкономикалық тұрақтылыққа, фискалдық тәртіпті сақтауға және экономиканы әртараптандыруға байланысты екенін атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
