Қазақстанда зейнет жасы мен зейнеткерлердің еңбек ету құқығы қоғам назарында тұрған өзекті мәселе. Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнет жасына жеткен азаматтар жұмыс күшінің құрамына кірмегенімен, өз қалауымен еңбек етуге құқылы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай адамдар үшін ешқандай шектеу жоқ екенін айтады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл – әр азаматтың жеке шешімі екенін атап өтті.
Ал елімізде бүгінде шамамен 2,5 миллион зейнеткер бар, олардың басым бөлігі Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында тұрады. Зейнеткерлердің бірі “жастарға жол берейік” десе, енді бірі “тәжірибе мен күш-қуат барда еңбек ету – парыз” дейді.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік кодекс пен Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес, жұмыс күші қатарына жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық жатады. Ал зейнет жасына жеткен азаматтар жұмыс күшінің құрамына кірмейді, бірақ өз қалауы бойынша еңбек етуге құқылы.
Сонымен қатар, зейнет жасына жеткен қызметкермен еңбек шарты оның кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары болып, еңбекке қабілеттілігін сақтаған жағдайда жыл сайын шектеусіз ұзартылуы мүмкін.
Осылайша, зейнет жасына жеткен адамдардың еңбек қызметін жалғастыруына ешқандай шектеу қарастырылмаған.
Қазақстандықтар зейнетке неше жастан шығады?
Зейнет жасы – көптеген елде маңызды тақырып және Қазақстан да одан қалыс емес. Ғаламдық экономикалық және демографиялық өзгерістер талабымен зейнет жасын көтеру халықаралық тәжірибеге айналуда. Өмір сүру ұзақтығының өсуі және халықтың қартаюы жұмыс жасайтын азаматтарға салмақ салады.
Қазақстандағы жалпы белгіленген зейнет жасы:
- Ерлер: 63 жас.
- Әйелдер:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жас;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жас;
- 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жас;
- 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жас;
- 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жас.
ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабына сай кейбір азаматтардың бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жеңілдетілген жасы бар, олар жалпыға белгіленгеннен өзгеше болуы мүмкін.
“Зейнет жасына жеткен адамның жұмыс істеу-істемеуі – оның өз шешімі”
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтен зейнетке шықса да, жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты ойын білдік.
Бұл – әр азаматтың жеке шешімі. Егер мемлекет тарапынан мұндай адамдардың жұмыс істеуін шектейміз десек, менің ойымша, ол дұрыс болмайды. Өйткені адамдар зейнет жасына еріккеннен жетіп, жайдан-жай жұмыс істеп жүрген жоқ қой. Иә, егер олардың қаражаты жеткілікті болып, қазіргі баға мен күнкөріс деңгейінде өмір сүруге мүмкіндігі болса, әрине, демалуға да болады. Бірақ шын мәнінде, қазір жағдай басқаша. Егер бәрі тек “зейнетке шықтым” деп үйде отырса, онда кім жұмыс істейді? Сондықтан “жастарға жол ашайық, ал үлкендер үйде отырсын” деп біржақты айту оңай, бірақ менің ойымша, бұл жауапкершілікті көзқарас емес, – деді депутат.
Оның сөзінше, бұл – азаматтардың заңмен берілген құқығы. Егер бір адам өзінің жұмыс істеуге шамасы бар деп санаса, біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті болса және жұмыс орны бар болса, неге жұмыс істемеске? Бұл – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы мәселе.
Мысалы, кейбір мекемелерде жас мамандарды көбірек тартқысы келетіндер бар, ол да дұрыс. Ал кейбір өңірлерде, әсіресе ауылдарда, керісінше кадр тапшылығы сезіледі. Мәселен, білім саласында математика, физика, химия пәндерінен мамандар жетіспейді. Мұндай жағдайда біз өзіміз де бұрын зейнетке шыққан мұғалімдерге қайтадан жұмыс істеуді ұсынғанбыз. Кейбірі “мен жұмысымды атқардым, енді демалам, немерелерім бар” дейді, бірақ кейде шын мәнінде маман жетіспей тұрған кезде оларды тағы бір жылға, тіпті бірнеше жылға шақырамыз. Ал кейде керісінше, адам өзі кеткісі келмей, жұмысын жалғастырғысы келеді. Бұл да қалыпты жағдай, – деп айтты Аймағамбетов.
Депутат атағандай, әр жағдайды жеке қарастыру қажет. Бұл – әрі азаматтың, әрі жұмыс берушінің құқығы. Мұнда белгілі бір тепе-теңдік болуы тиіс.
Асхат Аймағамбетовтің пайымдауынша, әрине, жастарды қолдау мәселесі де маңызды. Бірақ жас – жалғыз өлшем емес. Маңыздысы – маманның кәсібилігі. Егер ол, мысалы, мықты мұғалім болса, ол жас болсын немесе зейнет жасындағы адам болсын – бәрібір, ең бастысы, ол өз ісін жақсы атқаруы керек.
Дегенмен, егер жас маман білікті әрі қабілетті болса, оған басымдық беру де орынды. Сондықтан мәселе адамның жасында емес, оның мамандығында, тәжірибесінде және кәсіби шеберлігінде.
Зейнеткерлер қай өңірде көп?
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының дерегінше, қазіргі таңда Қазақстанда зейнет жасындағы шамамен 2,5 млн адам тіркелген.
Зейнеткерлер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда зейнет жасынан асқан 260 364 адам тұрады.
Екінші орында – Түркістан облысы (206 065 зейнеткер), ал үшінші орында Қарағанды облысы (186 093 адам).
Зейнеткерлердің ең көп саны тіркелген өңірлердің ондығына сонымен қатар:
- Алматы облысы – 173 706 адам,
- Астана қаласы – 153 911 адам,
- Жамбыл облысы – 143 378 адам,
- Қостанай облысы – 142 276 адам,
- Шығыс Қазақстан облысы – 141 676 адам,
- Павлодар облысы – 125 474 адам,
- Ақмола облысы – 118 905 адам кірді.
Мәліметтерге қарағанда, ел халқының зейнет жасындағы айтарлықтай бөлігі ірі қалалар мен экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерде тұрады. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы демографиялық және әлеуметтік ерекшеліктерді айқын көрсетеді.
Зейнеткерлер пікірі қалай?
Хадиша Жанғабылқызы, зейнеткер (73 жаста):
Семей полигоны аумағында тұрғандықтан, 1997 жылы 45 жасында зейнетке шыққан.
Ол кезде мұндағы халықтың денсаулығына, өміріне әсер еткен жағдайды ескеріп, осындай жеңілдік берілген еді. Зейнетке алғаш шыққанымда ай сайын алатын зейнетақым 2700 теңге болды. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда ол ақша бірдеңеге жеткендей көрінгенімен, бүгінгімен өлшесек – әрине, өте аз, – дейді 73 жастағы зейнеткер.
Хадиша Жанғабылқызының айтуынша, ол қазір 123 мың теңгедей зейнетақы алып отыр.
Еңбек өтілім 25 жылдан асқанымен, біз кейіннен негізгі зейнетақыға қайта шыға алмадық. Сондықтан қазіргі күні алып отырған зейнетақым – 123 мың теңге. Соның ішінде экологиялық төлем ретінде қосылатын сома – 5820 теңге ғана. Полигон аймағында тұрған халық үшін бұл төлем тым мардымсыз деп ойлаймын, себебі ол жердің зардабын тартқан адамдар аз емес. Зейнетке шыққан соң жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Басында “тағы да еңбек етсем бе?” деген ниет болды, бірақ жастарға орын беру дұрыс деп шештім. Олар жұмыс істесін, табысын тапсын, өмірін бастасын дедім. Оның үстіне үй шаруасы, бала-шаға, немерелерді бағып-қағу – өз алдына үлкен жұмыс. Сол себепті қайтадан қызметке шығып, табыс табуға жағдай да, уақыт та болмады, – деп айтты ол.
Зейнеткер қазір бәрі қымбат, сол себепті зейнетақыны да арттырса, дұрыс болады деп санайды.
Бүгінгі таңда зейнетақы жетеді деп те айта алмайсың, жетпейді деп те айта алмайсың. Тамақ, дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем – бәрі қымбаттап жатыр. Полигон аймағында тұрған халықтың денсаулығы, өмір сапасы көп жағдайда сол жылдардың салдарын сезінеді. Сондықтан зейнетақымыз бен экологиялық төлем көлемін арттырса, халыққа үлкен қолдау болар еді, – деп ойын айты Хадиша апа.
Сара Қахарманқызы, медбике (60 жаста):
Қазіргі таңда Сара Қахарманқызы зейнетке шығуға дайындалып жүр.
Екі айдан кейін жасым толып, ресми түрде зейнетке шығамын. Осыған байланысты қазір барлық қажетті құжаттарды жинап, рәсімдеп жүрмін. Біреуге қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ бұл да өз алдына үлкен шаруа екен. Әр құжатты түгендеп, анықтамаларды алу, есептеулерді тексеру – бәрі уақыт алады, – дейді ол.
Сара Қахарманқызының медицина саласында қызмет етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан.
Осы жылдар ішінде талай бөлім, талай науқас, талай жағдайды бастан өткердік. Түнгі кезекшіліктер, жауапкершілік, адам өмірі – бұл мамандыққа жай қызығып емес, жүрекпен келу керек. Қиын кезеңдер де болды, қуанышты сәттер де болды. Кейде алтыншы күн қатарынан жұмысқа шығатын кездер болады, кейде бір ғана адамның сауығып кеткенінің өзі күш-қуат береді. Сол себепті медицина мен үшін тек мамандық емес, өмірімнің бір бөлігіне айналды, – деп айтты спикер.
Сара Қахарманқызы қанша зейнетақы алатыны өзіне қызық екенін айтты.
Еңбек өтілім де, тәжірибем де жетеді. Бірақ, шыны керек, зейнетақымның қанша болатынын әлі білмеймін. Сол жағы көп маманды ойландырады. Зейнетақы мөлшері еңбек бағасының көрсеткіші сияқты ғой, сондықтан осы салада ұзақ еңбек еткен әр адам тиісті бағасын алуға үміттенеді. Дегенмен, зейнетке шығу – “барлығы аяқталды” деген сөз емес деп ойлаймын. Жас, денсаулық, тәжірибе мүмкіндік берсе, жұмысымды одан әрі жалғастырғым келеді. Медицинаға бір кірген адам одан оңай шыға алмайды. Адамдарға керек болып тұрған мамандық – әрқашан тірі, – дейді Сара Қахарманқызы.
Ол жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп, тәжірибесін бөліскісі келетінін айтты. Өйткені жылдар бойы жинаған білімді іште ұстап қалу дұрыс емес, үйрету – үлкендердің парызы.
Сондықтан “зейнетке шығамын” деген сөз мен үшін тек формалды мәртебе. Ал өмірдің, жұмыстың жалғасатыны анық. Күш-қуат бар кезде, қоғамға, адамдарға пайдам тиіп тұрса, неге еңбектенбеу керек? – деп санайды 60 жастағы медбике.
Қорытындылай келе, зейнеткерлердің кейбірі “жастарға жол беру керек” деп санаса, басқалары күш-қуаты барда еңбек ету – парыз дейді. Мысалы, медицина мен білім саласында тәжірибелі мамандардың қызметін жалғастыру қоғам үшін маңызды. Қорытындысында, зейнетке шығу – бұл тек формалды мәртебе, ал еңбек ету мүмкіндігі мен құқықтары заңмен қорғалған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
