ҚР Ұлттық банкі жаңа 1000 теңгелік банкноттың түпнұсқасын жалған банкноттардан ажыратуға көмектесетін ерекшеліктерін жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық Банк (ҚҰБ) 2025 жылғы 28 наурыздан бастап номиналы 1 000 теңгелік жаңа банкнота айналымға шығарылғанын еске салады.
«Бұл «Сақ стилі» сериясымен шыққан төртінші банкнота. Ол дәстүрлі қазақ орнаментінің бастау көзі саналатын «Сақ стилінің» элементтеріне негізделген және ел мұрасы – көшпенділердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі тарихын бейнелейді», – делінген хабарламада.
Банкноттың қорғаныш элементтері
Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Банкноттың бет жақ шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар. Олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Банкнот бетінде үзік-үзік түрінде екі түсті қорғаныш жіп те бар. Жарыққа тосқанда ол біртұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде көк және қызғылт-сары түстердің өзара әсерінен пульсация түрінде динамикалық эффект пайда болады.

Сонымен қатар, банкноттың бет жағында артефакттың жарқыраған алтын бейнесі түрінде патч голографиялық қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударып қараған кезде номиналдың цифрлық кескіні ою-өрнекке ауысқанын байқауға болады.

Банкнотаның екінші бетінде артефактың көлемі бейнесін көрсететін Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Кейбір жекелеген көркем элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояумен басылған.

Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
