Сейсенбі, 02 желтоқсан, 11:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

Жаңа Салық кодексі: банк құпияның сақталуын қалай қамтамасыз етеді?

02.12.2025

38 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Қаржы министрлігі азаматтар мен компаниялардың банктік шоттары туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну тәртібіне қатысты бұйрық жобасын әзірледі. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа Салық кодексі аясында дайындалған. Осы өзгерістер кезінде банктік құпия қалай сақталады және бұл клиенттерге қалай әсер етеді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Қосымша міндеттемелер жоқ

Қаржы министрлігінде түсіндірілгендей, жаңа бұйрық 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін Салық кодексінің нормаларын жүзеге асырады және банктерге қосымша міндет жүктемейді. Бұрынғыдай, банктер заңнамада тікелей көзделген жағдайларда ғана салық органдарына шоттардың болуы, нөмірлері, қалдықтары және олардың қозғалысы туралы мәліметтерді береді.

Жобаға және жаңа Салық кодексіне сәйкес, банктер салық органдарының сұрауы бойынша 10 жұмыс күні ішінде банк шоттарының бар-жоғын, олардың нөмірлерін, шоттардағы қалдықтар мен қаражат қозғалысы туралы ақпаратты, декларация тапсыруға міндетті жеке тұлғаларға берілген несиелер туралы мәліметтерді, сондай-ақ арнайы бекітілген критерийлерге сәйкес кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операциялар жүргізілген жағдайда жеке тұлғаның шотына түскен қаражаттың жалпы сомасы туралы деректерді ұсынуға міндетті.

Қаржы министрлігі сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті алған мәліметтерді салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпараттың жария етілуіне жол бермеу жөніндегі талаптарды қатаң сақтайтынын айтты.

Кімді автоматты түрде тексереді?

Мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, мемлекеттік келісімшарттарға қатысушылар немесе қаржылық тәуекелі жоғары тұлғалар сияқты санаттар автоматты түрде тексеріле ме деген сұраққа министрлік өкілдері былай деп жауап берді: мұндай тұлғалар бойынша банкке сұрау жолданады, жауап алынғаннан кейін сол мәліметтер көрсетілген барлық жеке тұлғаларға қатысты камералдық бақылау жүргізіледі.

Камералдық бақылау кезінде салық қызметкерлері банк деректерін декларациялармен және басқа мемлекеттік органдардың ақпараттарымен салыстырады. Мақсат – азаматтың өзі салық міндеттемелерін орындауына мүмкіндік беру. Егер азамат салық органының қорытындыларымен келіспесе, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша шешімге шағымдана алады.

Банктік құпия қалай қорғалады?

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі банктік құпия институты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңмен қорғалатынын еске салды. Заңның 50-бабы 1-тармағына сәйкес, банктік құпияға клиенттердің шоттары, операциялары, несиелері және банктік қызмет көрсетуге байланысты өзге де қатынастары туралы мәліметтер жатады.

Мұндай ақпаратты тек заңда нақты көрсетілген жағдайларда ғана ашуға болады (50-баптың 4-тармағы). Деректер клиенттің өзіне, оның келісімімен үшінші тұлғаларға, сондай-ақ заңда көрсетілген мемлекеттік органдарға заңда белгіленген негіздер мен шектерде беріледі (мысалы, прокурорлық тексеру, салықтық немесе кедендік тексеру, сот шешімі, қылмыстық іс, декларация тапсыруға міндетті тұлғалар).

Ұлттық банк мемлекеттік органдардың, соның ішінде салық органдарының клиенттердің барлық банктік деректеріне толық және тұрақты қолжетімділігі жоқ екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, банктер заңның 50-бабы 2-тармағына сәйкес банктік құпияның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай құпия мәліметтерді заңсыз жария еткен тұлғалар — банк қызметкерлері, лауазымды адамдар және қызмет бабында ақпарат алған өзге де тұлғалар — ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылады.

Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Ұлттық банк қазіргі таңда жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты Қаржы министрлігі қолданыстағы заңға тәуелді актілерді жаңартып жатқанын, олар ашық талқылау үшін жарияланатынын айтты. Бұл банктер клиенттерінің ақпараттарына жаңа қолжетімділік тетіктері енгізіліп жатыр деген қате түсінік тудыруы мүмкін. Алайда Ұлттық банк мұның тек техникалық сәйкестендіру жұмыстары екенін, банктік құпияны сақтау қағидаттары өзгермейтінін атап өтті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: