Елімізде салық жүйесін жаңғырту басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық-бюджет саясатына баса назар аударды. Айтуынша, ол теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруы қажет, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады. Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі. Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек», деген еді Президент.
Осы тапсырманың аясында «Тұран-Астана» университетінде «Жаңа салық кодексі: экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің теңгерімі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, Экономикалық саясат институты, өңірлік ЖОО профессорлары, докторанттар мен студенттер қатысты.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы әрі модераторы – экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақ жаңа Салық кодексі ең алдымен бизнес өкілдеріне түсінікті, қолдануға тиімді құжат болуға тиіс деді. Атап айтқанда, мемлекеттің бюджеттік тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі қаржы көзі ретінде қызмет атқаруы қажет.
«Салық саясаты – тек фискалдық құрал ғана емес, экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғыртудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы тұрғыда жаңа Салық кодексі бақылау мен жазалауға емес, сенім мен серіктестік қағидатына негізделуі керек. Салық жүйесі қай кезеңде болмасын заман талабына сай дамып, цифрландыру үдерістерімен үйлесіп, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталуы қажет. Экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің теңгерімін сақтау – жаңа салық реформасының басты стратегиялық мақсаты болуы тиіс», дейді экономист.
Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Ақылбекұлының айтуынша, қазір салық жүйесін жаңарту бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Нормативтік-құқықтық база қайта қаралып, салықтық әкімшілендіру цифрландырылуда, бизнеске түсетін жүктеме оңтайландырылып, рәсімдер жеңілдетілді.
«ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өзгеруі, тіркеу шегінің төмендеуі, арнайы салық режимдерінің жетіден үшке қысқаруы мен жеке табыс салығында прогрессивті тәсілдің енгізілуі – реформаның негізгі жаңалықтары. Бұл өзгерістер кәсіби әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Жаңа нормаларды сапалы түсіндіру, құқық қолдануда бірізділікті сақтау және бизнеспен ашық диалог орнату – реформаның табысты жүзеге асуының басты шарттары», деді Н.Ақылбекұлы.
Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Төлендіұлы Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізгенде бұл реформалар Бюджеттік кодекспен бірге жүргені жөн. Әйтпесе 2-3 жылдан кейін салық реформалары күтілгендей нәтиже бермей, келеңсіз қайшылықтарға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан Үкімет бюджет пен салықты бір қайықта алып жүрулері керек.
«Салық кодексіне реформалар жасау барысында үш стартегиялық сипаты бар басымдықты басшылыққа алу керек. Біріншісі – көлеңкелі экономиканы азайту арқылы салық базасын ұлғайту саясаты. Үкіметтің бағалауы бойынша оның көлемі 16-18%, біздің болжамға сәйкес, 20-22% жетеді. Демек көлеңкелі экономикадан шамамен 3-4 трлн салық алуға болады. Бұл бюджетті толтырудың алғашқы қапшығы. Екіншісі – Салық кодексінде шамамен 280-290 жеңілдік көзделген. Жыл сайын олардан бюджеттің жоғалуы 5-6 трлн тенге. Бұл – бюджетті толтырудың екінші қапшығы. Әрине кейбір экономикалық салалар мен секторлар, осал топтарға жеңілдіктер қажет. Дегенмен бюджеттің жоғалтары көп сияқты. Үшіншісі – уәкілетті мемлекеттік органның деректеріне зейін салсақ, 2024 жылдың өзінде жеке кәсіпкерлер арасындағы аудармалар көлемі 94-95 трлн тенге болды. Сонымен қатар олардан түскен салық көлемі 1 трлн жетпейді. Мамематикалық формула (салық жүгінің ауртпашылық коэффициенті) мен халықаралық тәжірибеге арқа сүйеп болжам жасасақ, еліміз аудармалардың 10%-ын салық ретінде алуға мүмкіндік болған. Басқаша айтқанда, бұл бюджетті толтырудың үшінші қапшығы болып отыр. Сайып келгенде, қолда бар салықтарды айтылған қаптарға тиянақты түрде жинағанда Қазақстанның байлығы көптеген бюджеттік шығыстарды жауып, тіпті Ұлттық қордан жыл сайын 4 трлн трансфертті алмауға болатын еді», дейді Қ.Төлендіұлы.
Экономист Бақытжан Құрманбайұлының пікірінше, жаңа Салық кодексінде қарастырылған сән-салтанат салығы – әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған орынды шешімдердің бірі. Оның айтуынша, бұл тетік табысы жоғары азаматтардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, салық жүктемесін неғұрлым теңгерімді бөлуге мүмкіндік береді. Сарапшы сән-салтанат салығының енгізілуі фискалдық мақсатпен ғана шектелмей, әлеуметтік саясаттың маңызды құралына айналуға тиіс екенін атап өтті.

«Әсіресе қымбат жылжымайтын мүлікке, люкс санатындағы автокөліктерге, яхталар мен жеке ұшақтар сияқты жоғары құнды активтерге сараланған мөлшерлеме қолдану – әлемдік практикада кең таралған тәсіл. Бұл тек қосымша табыс көзі емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің құралы. Мысалы, Еуропа мемлекеттерінде қымбат мүлік пен активтерге прогрессивті салық жүйесі қолданылады. АҚШ-та luxury tax жекелеген тауар санаттарына уақытша немесе тұрақты түрде енгізіліп отырады. Ал Оңтүстік Корея мен Сингапурда қымбат автокөлік пен элиталық жылжымайтын мүлікке жоғары тіркеу және меншік салығы белгіленген. Бізде де осы бағытта халықаралық тәжірибені ескере отырып, теңгерімді әрі әділ модель қалыптастыруы қажет», деп түсіндірді сарапшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
