2026 жылдан бастап күшіне енетін салық реформасы Taxi Forum Kazakhstan 2025 пленарлық алаңында талқыланды. Енді жаңа ережелер такси тарифтерін бірнеше есе өсірмейді, алайда инфляция мен салық талаптарының өзгеруі жол жүру құнының біршама қымбаттауына ықпал етуі мүмкін. «Атамекен» ҰКП форумда бизнес үшін оңтайлы шешім табудың маңызын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Форумда жаңа Салық кодексінің бизнеске беретін мүмкіндіктері ерекше атап өтілді. Оңайлатылған декларация режимінде тыйым салынатын қызмет түрлері 795-тен 44-ке дейін қысқарып, такси секілді шағын кәсіп иелеріне жеңілдетілген тәртіпте жұмысын жалғастыруға жол ашылды. 2026 жылдан бастап енгізілетін сервистік модель мен автоматтандырылған бақылау әкімшілік қысымды азайтады.
«Жаңа Салық кодексі ең алдымен бизнеске қолайлы болуы тиіс. Бұл ел экономикасының болашағына оң әсер етеді», дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Оның айтуынша, Палата шағын және орта бизнес үшін тұрақты әрі түсінікті орта қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.
Қазір кәсіпкерлер арасында ең жиі айтылып отырған мәселе – жалпыға бірдей белгіленген режим мен арнайы режимді қатар қолданған кезде шегерімдерге тыйым салынуы. Көптеген кәсіпкер бұл норманың салдарын енді түсіне бастаған.
«Бұл шағын бизнес үшін өте маңызды сұрақ. Біз барлық өтінішті жинап, саланың ерекшеліктерін ескеріп, Үкіметке кездесу өткізу туралы ұсыныс жолдадық», деді Жаркенов.
Сондай-ақ форумда өзін-өзі жұмыспен қамтыған такси жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар да талқыланды. Жаңа норма бойынша, арнайы салық режимі мен оңайлатылған декларацияны қатар қолдануға тыйым салынады. Мәселен, арнайы режимде шағын дүкен ұстайтын кәсіпкер кешкісін такси айдайтын болса, екі режимде қатар бола алмайды. Ол не толықтай өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге, не оңайлатылған декларацияға өтуі қажет.
«Сенат талқылауы кезінде Үкіметтің ұстанымы өзгерді. Соның салдарынан саудамен де, таксимен де айналысатын азаматтар толық салық төлеуге мәжбүр болады. Бұл Яндекс сияқты платформалардың моделіне де ықпал етеді», деді сарапшы.
Оның пікірінше, бұл талап жеке тұлғалар үшін түсініксіз механизм қалыптастырып, көлеңкелі экономика қаупін күшейтуі мүмкін.
Такси тарифтерінің келесі жылы қалай өзгеретіні де сөз болды. Сарапшылар баға елдегі инфляция деңгейіне сәйкес өсетінін, бірақ бірнеше есе күрт қымбаттау болмайтынын айтты. Таксопарктер қауымдастығының төрағасы Мейрам Абелкасов тарифтің негізгі шығындар мен нарықтағы сұраныс-ұсыныс заңына қарай қалыптасатынын жеткізді. Ал Яндекс Такси өкілдері нақты әсерді жаңа нормалар күшіне енген соң ғана бағалауға болатынын атап өтті. Маусымдық фактор да маңызды – жазда жүргізушілердің бір бөлігі басқа салаға ауысатындықтан, ұсыныс азайып, баға өседі.
Форумда экологиялық көлікке көшу үрдісі де назардан тыс қалмады. Яндекс Такси сарапшысы Алина Ниязованың айтуынша, электрлі көлік жүргізушілері «Электро» тарифінде қазірдің өзінде «Комфорт+» санатындағы әріптестеріне қарағанда жоғары табыс тауып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
