Қазақстан жер қойнауын пайдалану жүйесін жаңғыртып жатыр: саланы цифрландырумен қатар, барлауды ынталандыру және инвестиция тарту шаралары жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, мұнай-газ кешені бюджетке ірі көлемде түсімдерді, инвестицияларды және жұмыс орындарын құру жұмысын қамтамасыз ететін Қазақстанның экономикалық өсуінің маңызды факторларының бірі.
Бүгінгі күні көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 324, оның ішінде барлауға – 15, барлауға және өндіруге – 170, өндіруге – 131, өнімді бөлу туралы келісім – 8. 2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушыларымен геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд теңге және 160 млрд. теңге инвестицияланған. 2025 жылдың 9 айы бойынша геологиялық барлауға инвестициялар 80 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін геологиялық барлауға инвестициялар алдыңғы жылдар деңгейінде болатындығы күтілуде, – деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ қазіргі уақытта ведомствода жер қойнауын пайдалану процестерін цифрлық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе – «Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» жұмыс істеп тұр.
Бұл жүйе жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасасудан және жүргізуден бастап есептілікті қалыптастыруға және жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттық міндеттемелерді орындамаған жағдайда хабарламалар жіберуге дейінгі процестердің толық циклін автоматтандырады. Жүйеде есептіліктің 75 нысаны, мемлекеттік жүйелермен жұмыс істеп тұрған 6-дан аса интеграция іске асырылады, келісімшарттар мен оларға толықтырулардың, сондай-ақ жобалық құжаттардың электрондық мұрағаты жүргізіледі, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Бұдан басқа, жүйе арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді көшіру жөніндегі мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
