Дүйсенбі, 17 қараша, 20:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87, (2199)
15.11.2025
PDF мұрағаты

Жаңа жобалардың өңірлерге тигізетін әсері қандай?

17.11.2025

47 0

Фото: Egemen.kz.

Биыл елдегі индустрияландыру қарқыны айтарлықтай жоғары болды. Ел аумағында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, нәтижесінде 20,1 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін өседі деп күтіледі, деп жазады Egemen.kz.

2024 жылдың өзінде 1,2 трлн теңгеге бағаланған 180 индустриялық жоба іске асырылды. Өңдеу өнеркәсібін отандық шикізатпен қамтамасыз етуге арналған жаңа тетіктер саланың дамуын жеделдетуге және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Машина жасау саласының 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары орындалған жағдайда, бұл сектордың жалпы қосылған құны 4,5 есеге дейін артуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы іске асырылатын индустриялық жобалар саны соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетеді. Бұл жобалардың басым бөлігі жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Қазақстан химия саласын да белсенді түрде дамытып жатыр. Елде сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісін кеңейту жоспарлануда. Бұл қадамдар отандық химия өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, импортты азайтуға жол ашады.

2025–2035 жылдарға арналған жоспар шеңберінде металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібінде 9 ірі жоба жүзеге асырылады. Қуатына толық шыққан кезде олар жылына 7,3 млрд доллар көлемінде өнім өндіруге мүмкіндік береді. Осы мақсатта 6 трлн теңге инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл – Президент тапсырмасымен әзірленген, жалпы 25 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 17 ірі жобаның бір бөлігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, автомобиль құрастыру зауыттары, ыстық брикеттелген темір өндіру кәсіпорындары, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын байыту-өндірістік кешен және гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды нысандар іске қосылады. Бұл кәсіпорындар отандық машина жасау саласы үшін жаңа өнім шығаруды қамтамасыз етіп, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін едәуір арттырады.

Аталған жобалардың ішінен екі нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі:
• Қостанай облысындағы KIA зауыты – 1 500 жұмыс орны, жылына 70 мың көлік;
• Алматыдағы мультибрендті автозауыт (Changan, Chery, Haval) – 3 600 жұмыс орны, жылына 90 мың көлік.

Жаңа өндіріс орындарының арқасында 2025 жылы автомобиль саласының өндіріс көлемі 5%-ға өсіп, 149 мың жеңіл көлік құрастыру жоспарланып отыр (2024 жылы – 134 мың).

Өңдеу өнеркәсібінде соңғы бес жылда алғаш рет 5,9% өсім тіркелді. Бұл металлургиядағы (+6,9%), машина жасаудағы (+9,7%), химия өнеркәсібіндегі (+7,7%) және басқа да салалардағы өндіріс көлемінің артуымен байланысты. 2024 жылы жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгеге жетті.

Түсті және қара металлургияда да тұрақты өсім  бар. Мыс, алюминий, цинк, қорғасын өндірісінің артуы мен құрылыс материалдары нарығының кеңеюі ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді де ұлғайтады.

Қазір Қазақстанда индустриялық жобаларды орналастыру үшін 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриялық аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы олардың базасында тағы 110 жоба жүзеге асырылмақ. Соңғы жылдары шағын өнеркәсіп аймақтары да дамып келеді. Кәсіпкерлерге дайын өндірістік орындар, жеңілдетілген несие мен тиімді жалдау шарттарын ұсынатын бұл аймақтар бүгінде 8 өңірде 34-ке жетті. 2025 жылы олардың саны 14 өңірге дейін көбейеді.

2024 жылы өңдеу өнеркәсібінде 163 жоба, тау-кен секторында 17 жоба іске қосылды. Жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Жаңа өндіріс орындарының көптеп ашылуы бойынша Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалалары алдыңғы қатарда болды.

Жалпы алғанда, индустриялық даму ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып отыр. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы, өндірістің ұлғаюы және импортқа тәуелділіктің төмендеуі – Қазақстанның өнеркәсіптік жаңғыруының нақты нәтижесі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: