Бейсенбі, 06 қараша, 17:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Жеке тұлғаларға арналған лизинг – жаңа автонесиенің басқа атауы ғана

06.11.2025

64 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков үкіметті жеке тұлғаларға арналған лизингті жаңа автонесиеге айналдырмақ болды деп сынға алды. Оның айтуынша, 45% қымбаттау бастаманың мәнін бұрмалап, халыққа емес, банктерге тиімді шешімге айналып барады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеке тұлғаларға лизинг енгізу мәселесіне арналған жұмыс кездесуіне Сауда және интеграция министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен нарық өкілдері қатысты. Сол жиында депутат мемлекеттік органдардың Президент тапсырмасының мәнін бұрмалап отырғанын айтты.

Оның айтуынша, жарияланған түсіндірулерде лизинг құнының 45%-ға дейін қымбаттауы мүмкін екені айтылған. Бұл – жеке тұлғаларға арналған лизингтің түпкі мақсатына қайшы, яғни азаматтар үшін қолжетімді көлік алу мүмкіндігін жояды.

Президент жеке тұлғаларға арналған лизингті жедел енгізу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл тапсырма есеп үшін емес, адамдар үшін берілді. Қазір көп азамат отбасын асырау үшін көлікті несиеге немесе жалға алып жүр, – деді Олжас Құспеков.

Депутаттың сөзінше, бұл бастама алғаш рет 2023 жылы көтерілген. Негізгі мақсат – азаматтарға жоғары пайызсыз, бастапқы жарнасыз көлік алу мүмкіндігін беру. Сонымен бірге ол ай сайынғы төлем құрамына нақты қандай шығындар кіретінін ашық көрсету қажет екенін айтты.

Журналистер орынды сұрақ қойды: бастапқы жарна бола ма, пайыз қандай, бұл автонесиеден несімен өзгеше? Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар ескі жүйені жаңа атаумен ұсынбақ. “Лизинг” деп әдемі атағанымен, шын мәнінде сол бұрынғы автонесиенің өзі, – деді депутат.

Құспековтің пікірінше, жеке тұлғаларға арналған лизинг банктердің емес, халықтың мүддесін қорғауға бағытталуы керек. Бұл әлеуметтік бастама ашық әрі әділ жүзеге асуы тиіс.

Мен жиі такси жүргізушілерімен сөйлесемін. Олардың көбі көлікті жалға алып, отбасын асырау үшін күніне 12 сағаттан жұмыс істейді. Егер біз сол адамдарды қайтадан қарызға батырсақ, онда бұл бастаманың мәні қайда? – деді ол.

Сөз соңында депутат егер лизинг бастапқы жарнамен және пайыздық мөлшерлемемен берілсе, оны реформа емес, ұғымды бұрмалау деп атауға болатынын айтты.

Мемлекеттік органдар Президент тапсырмасын түрі бойынша емес, мәні бойынша орындауы тиіс. Бізге жалған прогресс емес, адамдарға көлік иесі болуға мүмкіндік беретін нақты шешімдер қажет, – деді Олжас Құспеков.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: