Бейсенбі, 20 қараша, 21:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Жеңілдетілген ипотека: Қазақстандағы танымал бағдарламалардың қандай қауіптері бар?

20.11.2025

45 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жеңілдетілген ипотека – баспана сатып алуға арналған ең сұранысқа ие құралдың бірі. Мемлекет 3,5%-дан 9%-ға дейінгі жылдық мөлшерлемелер ұсынады, бұл көпшілікке қолжетімді болып көрінеді. Алайда іс жүзінде көптеген қарыз алушылар шынайы шектеулермен тек келісімшартқа қол қойғаннан кейін ғана бетпе-бет келеді. BAQ.KZ тілшісі қандай бағдарламалар расымен арзан әрі қолжетімді, ал қайсысында жасырын “тұзақтар” бар екенін анықтап көрді.

“Adilzanger” заң консультанттары палатасының мүшесі Анар Қарыбаева кейбір қарыз алушылар пәтер бірден толықтай өз меншігіне өтеді деп ойлайды. Алайда іс жүзінде ипотекалық тұрғын үй несие толық өтелгенше банкке кепіл ретінде тіркеледі. Осы кезеңде бірқатар шектеулер болады: банктің келісімінсіз пәтерді жалға беруге, сатуға, сыйға тартуға немесе айырбастауға болмайды, ал қайта жоспарлау жұмыстарына мүлдем тыйым салынуы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, бағдарламаны таңдау тек несие мөлшерлемесіне қарап шешілетін нәрсе емес, ол тұрғын үйге қаншалықты еркін иелік ете алатыныңызбен де байланысты болуы керек. Ережелерді бұзу айыппұлдарға немесе қарыздың мерзімінен бұрын өндіріп алынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан өз мүмкіндігіңізді алдын ала бағалап, қай бағдарлама сізге нақты сәйкес келетінін түсініп алу маңызды.

Дәл осы жағдайда заңгер “7-20-25” бағдарламасын қарастырып көруді ұсынады. Оның айтуынша, бұл бағдарлама жылдық 7% төмен мөлшерлемесімен, несиенің ұзақ мерзімімен және 20% көлеміндегі қолайлы бастапқы жарнамен тартымды.

Бір қарағанда “7-20-25” бағдарламасы мінсіз көрінуі мүмкін, бірақ пәтер өте аз әрі бұл бағдарлама бойынша тек жаңа салынған үйлер ғана қолжетімді. Бағдарламаның 15-25 млн теңге көлеміндегі лимиттері көбінесе тұрғын үйдің нақты нарықтық бағасына сай келмейді, сондықтан көп адам тәуекелі жоғары бронь жасау тәсілдеріне жүгінеді. Яғни мөлшерлемесі жағынан тиімді болғанымен, шектеулі пәтер үшін бәсекеге дайын болу керек, – дейді сарапшы.

Егер “7-20-25” бағдарламасының тартымдылығы оның төмен мөлшерлемесінде болса, “Наурыз” бен “Отау” бағдарламалары әлеуметтік талаптарға сай келетін отбасыларға арналған. Бұл жерде мөлшерлеме жоғарырақ – әлеуметтік осал топтар үшін 9%, кейін 7%-дан 4%-ға дейін төмендейді. Алайда қатаң шарт бар: бес жыл бойы отбасының өз атында басқа тұрғын үй болмауы тиіс.

Тексеру eGov базасы арқылы жүргізіледі, ал талаптарды бұзу келісімді сот арқылы бұзуға дейін алып келуі мүмкін. Сонымен қатар Отбасы банкіндегі депозитте кемінде 1 млн теңге болуы қажет. Бұл бағдарламалар “7-20-25”-ке қарағанда қолжетімділеу, бірақ талаптары анағұрлым қатаң, – деп нақтылады сарапшы.

Анар Қарыбаеваның айтуынша, соңғы жылдардың ең көп талқыланатын бағдарламаларының бірі – әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасы. Субсидия алғаннан кейін оның жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% деңгейінде болады. Сарапшы бұл бағдарламаның мәні тек қаржылық құрал шеңберінен әлдеқайда кең екенін атады.

Қыздарға арналған жекеменшік пәтер – тек шаршы метр емес, тәуелсіздік, қосымша табыс, қиын жағдайда пана болар орын. Сондықтан бұл бағдарламаға қызығушылық заңды әрі оны алу үшін нақты шарттарды түсіну маңызды, – деді спикер.

Оның айтуынша, 2025 жылы қатысу шарттары жұмсарып, бағдарлама қолжетімдірек болды. Қазір тек несие сомасының 20%-ы көлеміндегі бастапқы жарна міндетті. Сонымен қатар қатысушылар Ұлттық зейнетақы қорындағы жинақтарын пайдаланып, оны Отбасы банкінің шотына аудара алады.

Бағдарламадағы маңызды шарт – отбасы жағдайы. Жұмыс орны немесе өтініш берген сәтте басқа тұрғын үйдің болуы енді маңызды емес. Кіріс шегі 900 мың теңгеге дейін көтерілді, бұл әлеуетті қатысушылар санын едәуір кеңейтеді. Сонымен қатар, бағдарлама аймақтық шектеулерден арылды. Бүгінде “Ұмай” бойынша тұрғын үйді бастапқы нарықтан да, екінші нарықтан да кез келген қалада, тіпті ауылда сатып алуға болады. Тіркелген жердің болуы маңызды емес, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сарапшы құқық қорғау және әскери құрылымдарға арналған бағдарламалардағы жеңілдіктерді де айтып өтті. Қазақстандағы әскери қызметкерлер үшін “Әскери баспана” бағдарламасы ең “жомарт” ипотекалардың бірі болып саналады: мөлшерлемесі 6–8%, ал несие сомасының лимиттері азаматтық бағдарламаларға қарағанда жоғары.

Алайда сарапшы бағдарламаның тартымдылығы тәуекелмен қатар жүретінін жеткізді.

Мұнда маңыздысы – әскери қызметкердің жұмыстан кету жағдайын дұрыс түсіну. Өкінішке қарай, тәжірибеде теріс себептермен қызметтен босатылған жағдайлар аз емес, осындай кезде мөлшерлеме автоматты түрде коммерциялық болып, 18-19%-ға дейін көтеріледі. Кейде банктер несие қалдығын бірден өтеуді талап етеді. Бұл – қорқынышты әңгімелер емес, біз кездескен нақты жағдайлар. Бағдарлама тұрақты қызмет ететін және өз қызметтік траекториясына сенімді адамдарға тиімді. Ал егер қызметтен шығу қаупі бар болса, әсіресе тәртіптік себептер бойынша, қатысушы алдын ала мүмкін салдарын бағалауы қажет, – дейді ол.

Бүгінде ипотекалық бағдарламалар алуан түрлі болып келеді. Бірінде ең төменгі мөлшерлеме болса, енді бірінде тұрғын үйге жылдам қолжетімділік бар, үшіншісі әлеуметтік жеңілдіктер ұсынады. Алайда әрбір артықшылықтың артында өз кемшілігі барын ұмытпау керек және ол кемшіліктерді келісімшартқа қол қоймас бұрын біліп алған жөн.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: