Қазақстан қор биржасында (KASE) ұлттық валюта тағы да құнсызданып, АҚШ долларының құны бір күнде 4,32 теңгеге өсіп, 548,77 теңгеге жетті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, елдің валюта нарығы шағын әрі қатысушылар аз болғандықтан, сұраныстың аз ғана артуы теңгенің күрт әлсіреуіне себеп болады. Оның сөзінше, күзгі кезеңде импорт көлемі өсіп, валюталық сұраныс та артады, әсіресе үкіметтің инфрақұрылымдық жобаларға, білім беру саласына және басқа да бағыттарға қаржы бөлуі бұл үрдісті күшейтеді.
Сондай-ақ сарапшы теңгеге әсер ететін негізгі факторларда айтарлықтай өзгеріс байқалмағанын айтты.
Жыл соңына арналған теңге бағамы бойынша болжамымыз өзгерген жоқ – $1 үшін 550- 560 теңге болады, – деді ол.
Ол шілде айында Ұлттық банк теңгенің шамадан тыс әлсіреуіне жол бермеу үшін $125,6 млн көлемінде интервенция жасағанын еске салды. Сол кезде ұлттық валюта небәрі бір ай ішінде 520-дан 550 теңгеге дейін құнсызданған еді. Мамандар интервенцияны ертерек жүргізу керек болғанын айтады.
Фундаменталды факторларға сәйкес келмейтін осындай әлсіреу нарықтағы ұлттық валютаға сенімді төмендетті. Ұлттық банк енді теңгенің осындай күрт әлсіреуіне жол бермесін деп үміттенемін, – деді Темірханов.
Оның сөзінше, теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының $70 деңгейіне дейін түсуі және отандық компаниялардың импорттық төлемдер мен сыртқы қарыздарды өтеу үшін шетел валютасына сұранысының артуы әсер етіп отыр. Әсіресе ай соңында бұл құбылыс айқын байқалады.
Сонымен қатар теңгенің шамадан тыс құнсыздануы импорттық тауарлардың қымбаттауына және инфляцияның жеделдеуіне әкелуі ықтимал.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!