Сейсенбі, 28 қазан, 15:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81, 2193
25.10.2025
PDF мұрағаты

13 трлн теңге инвестиция: Қазақстан энергетика жүйесін қалай жаңғыртып жатыр

28.10.2025

57 0

Фото: pixabay.com

Қазақстан энергетика саласында құрылымдық өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Қазіргі уақытта елде 234 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде 158-і – жаңартылатын энергия көздері, жалпы қуаты 3 ГВт-тан асады. Алайда энергетикалық инфрақұрылым әлі де осал күйінде қалып отыр: жабдықтардың орташа тозу деңгейі 56 пайызға жеткен. Бұл өсіп келе жатқан энергия тұтынуын толық қамтамасыз ету мүмкіндігін шектейді. Ендігі басты мақсат – энергетикалық жүйені жаңарту және қуат көздерін әртараптандыру. Осы бағытта газ жобаларының дамуы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және «инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасы ерекше рөл атқарады. Осы бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрген болатын.

Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, экономиканы және халықты сенімді түрде энергиямен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі, – деп атап өтті Энергетика министрлігі.

Қазақстандағы «жасыл» энергияның үлесі 7,2 пайызға жетіп, тоғыз айдың қорытындысы бойынша 6,47 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілген. Негізгі көлем жел және күн электр станцияларына тиесілі.

Министрліктің мәліметінше, төмен көміртекті энергетикаға көшу үшін тек жаңа қуат көздерін салу ғана емес, бар нысандарды да жаңарту қажет. Осы мақсатта 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көзін енгізу жоспарланып отыр. Бұл тізімге Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобалары да кіреді.

Аталған қалалардағы ЖЭО құрылысы бойынша жобалар іске қосылды: жабдық жеткізу, монтаждау және іске қосу жұмыстарына келісімшарттар жасалды, – деп мәлімдеді министрлік.

Жасыл энергетика қарқын алып келеді

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қуаты 3,12 ГВт болатын 156 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде: 63 жел электр станциясы (1,57 ГВт), 48 күн станциясы (1,26 ГВт), 42 су электр станциясы (0,29 ГВт) және 3 биогаз қондырғысы бар.

2025 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 455,5 МВт болатын тоғыз жаңа жаңартылатын энергия жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

Жаңартылатын энергия көздерінің дамуы қолданыстағы станцияларды жаңғыртумен қатар жүруде. Жаңа газ турбиналары мен ескі қондырғыларды қайта құру жұмыстары тиімділікті арттырып, зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.

Министрліктің есептеуінше, 2026 жылға қарай күн және жел станцияларының жалпы қуаты 3,5 ГВт-қа дейін ұлғаяды, бұл энергия тұтынудың өсуі жағдайында елдің энергетикалық теңгерімін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Мұнай және газ саласы

Энергетикалық реформалар аясында мұнай-газ саласы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың маусымында Теңіз кен орнында құны шамамен 49 миллиард доллар болатын кеңейту жобасы толық аяқталды. Бұл жоба жылдық өндіріс көлемін 40 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға және ел бойынша мұнай өндіруді жыл сайын қосымша 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл тоғыз ай ішінде Қазақстанда 75,7 миллион тонна мұнай өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға көп. Сонымен қатар CASPI BITUM битум зауытын кеңейту жобасы аяқталып, оның жылдық қуаттылығы 750 мың тоннаға дейін жетті. Нәтижесінде елдегі төрт жұмыс істеп тұрған битум зауытының жалпы өндірістік қуаты 1,52 миллион тоннаға жетіп, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.

Шикізаттық модельден мұнай өнімдерін терең өңдеуге көшу мақсатында Үкімет 2025 жылдың шілдесінде 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжатқа сәйкес, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының жиынтық қуаты жылына 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ өңдеу сапасын арттыру және экологиялық көрсеткіштерді жақсарту көзделген.

Газ саласы да кеңею кезеңіне қадам басты. 2025 жылы елімізде 62,8 миллиард текше метр газ өндіру жоспарланған. Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен кен орындарында газ өңдеу зауыттарын салу жобалары белсенді жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қуаты 2,5 миллиард текше метр болатын Қашаған газ өңдеу зауыты 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Қарашығанақтағы зауыт (қуаты 4 млрд м³) 2029 жылы, ал Жаңаөзендегі зауыт (0,9 млрд м³) 2027 жылы толық іске қосылады.

Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі газ қорын арттырып, халық пен өнеркәсіптің қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Энергетика министрлігінен.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі халықты газбен қамту деңгейі 63,8 пайызға жетпек. Бұл шамамен 293 мың адамды табиғи газға қосуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді, ал «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Тарифтік саясат пен инфрақұрылымды жаңарту

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) салаларында жаңғыртудың негізгі құралына «Тариф – инвестицияға айырбас» бағдарламасы айналды. Энергетика министрлігінің дерегінше, соңғы екі жылда бұл бағдарлама аясында 605 миллиард теңге инвестиция тартылып, 12,3 мың шақырым инженерлік желі жөнделді, ал олардың тозу деңгейі 6,2 пайыздық тармаққа төмендеді.

Бұған қоса, ТКШ дамыту бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңарту жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 6,8 триллион теңге бағытталады.

Халыққа тарифтік жүктемені азайту үшін мемлекет қолдау шараларын енгізген. Олардың қатарында несие мөлшерлемелерін субсидиялау және әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек көрсету бар.

«Энергетика және ТКШ 2024–2035» ұлттық жобасы

2024 жылдың желтоқсанында Үкімет коммуналдық және энергетикалық сектордағы инфрақұрылымды жаңартуға, апат санын азайтуға бағытталған ұлттық жобаны бекітті. Жоба аясында апаттылық деңгейін 20 пайызға қысқарту және жабдықтардың тозуын 40 пайызға дейін төмендету көзделген. Жалпы инвестиция көлемі 13 триллион теңге деп бағаланып отыр.

Ұлттық жоба жылу, электр және су инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, азаматтардың өмір сапасын арттыруға және экономиканың тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Энергетика министрлігінен.

Инфрақұрылымдық шешімдерден бөлек, жоба отандық өндірушілерді белсенді тартуды да қарастырады. Осы мақсатта 2,24 триллион теңге сомасына 2 786 тауар позициясы айқындалып, 220 қазақстандық кәсіпорыннан тұратын пул қалыптастырылған.

Қазақстан энергетикасы ауқымды жаңғыртудың қарсаңында тұр. Бір жағынан, ел «жасыл» технологияларды белсенді дамытып, мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайтып, инвестициялық тетіктерді енгізіп келеді. Екінші жағынан, салада шешімін таппаған құрылымдық түйткілдер бар: желілердің тозу деңгейі жоғары, энергия тұтыну өсіп келеді және тапшылық қаупі сақталуда.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек жаңа қуат көздерін іске қосумен шектелмейді. Ол қолданыстағы станциялардың тиімділігін жүйелі түрде арттыруды да талап етеді, – дейді Энергетика министрлігінің өкілдері.

Сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы ұлттық жобалардың табысты жүзеге асырылуына, инвестиция тарту деңгейіне және төмен көміртекті энергетикаға көшу қарқынына тікелей байланысты болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: