Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиевтің төрағалығымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, өнеркәсіп кооперациясы, инвестиция, энергетика, су, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Биылғы жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 21%-ға өсіп, 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі 42%-ға ұлғайып, 326 млн долларға жеткен. Бұл көрсеткіштің 80%-дан астамы – Қазақстан экспортының үлесіне тиесілі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Қырғызстан – біз үшін тату көрші және бауырлас ел ғана емес, маңызды экономикалық серіктес. Қазақстан Үкіметі ортақ мақсаттарға бірге қол жеткізуге дайын, – деді Бектенов.
Қырғыз Үкіметінің басшысы Адылбек Касымалиев те екі ел басшыларының өзара сапарлары стратегиялық әріптестікті нығайтқанын және үкіметтер барлық келісімдердің орындалуын қамтамасыз ететінін айтты.
Жиын қорытындысында тараптар энергетика, су ресурстары және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға уағдаласты. Сондай-ақ Хан Тәңірі шыңында тау туризмі бағыттарын дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысының хаттамасына қол қойылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
