Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергетика саласындағы 2025 жылға дейінгі міндетті атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол атағандай, бүгінде энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқарады. Электр энергетикасының дамуы ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер етеді.
Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек, – деп атап өтті Бектенов.
Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда электр энергиясының негізгі генерациясын көмір станциялары өндіреді. Сондықтан біз алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға да баса мән беретін боламыз. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылып жатыр, – деді Премьер-министр отырыста.
Оның айтуынша, республиканың батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру, сондай-ақ оңтүстік аймақтың желілерін күшейту қолға алынды.
Осы міндеттерді жүзеге асыру еліміздің барлық өңірін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашады, – дейді Үкімет басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
