Сәрсенбі, 03 желтоқсан, 11:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

Энергетика министрлігі түсіндірме берді: Баға өспейді, бірақ түзету мүмкіндігі сақталады

03.12.2025

20 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Энергетика министрлігі 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясына шекті тарифтерді бекітуге қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға жауап берді. Ведомство тарифтік саясатты ұзақ мерзімге бекіту -заңмен белгіленген міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жетіжылдық тарифтерді белгілеу рәсімі 2025 жылдың соңында аяқталатын қолданыстағы кезеңді алмастыру үшін қажет. «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес, жаңа кезеңге арналған тарифтер алдын ала бекітілуі тиіс.

Ұсынылып отырған жоба 2025 жылғы тариф деңгейін сақтап қалуды көздейді. Бұл шешім, ведомство түсіндіргендей, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаға және бағалардың өсуіне қатысты қолданыстағы мораторийге байланысты қабылданған. Мораторий күшінде тұрған кезде министрлік болашақ жылдарға бағаның өсуін нормативтік құжатпен бекіте алмайды. Сондықтан жобада қазіргі деңгейдегі баға параметрлері ғана көрсетілген.

Сонымен бірге, министрлік тарифтерді түзету құқығы заңда қарастырылғанын еске салды. Яғни, ертеңгі күні экономикалық жағдай өзгерсе немесе энергетикалық компаниялардың шығындарын өтеуге әсер ететін объективті факторлар орын алса, олар тарифтерді қайта қарау бастамасымен шыға алады.

Жобаның мәнін бұрмалап, оны «жеті жылдық тоқтату» деп атаған кейбір ақпарат құралдарының таратқан түсінігі шындыққа толық сәйкес келмейді, дейді ведомство. Министрлік құжаттың негізгі мақсаты – қазіргі құқықтық жағдайды рәсімдік түрде бекіту екенін, ал мораторий аяқталғаннан кейінгі нарықтық өзгерістерді ескеруге мүмкіндік барын атап өтті.

Бүгінде Энергетика министрлігі тарифтерді тұрақты деңгейде ұстап тұрумен қатар, энергиямен жабдықтаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау бағытын ұстанып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: