Сейсенбі, 11 қараша, 19:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Энергетикадағы ынтымақтастық: Қазақстан мен Ресей АЭС-ті қалай бірлесіп салмақ?

11.11.2025

48 0

Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанда АЭС салуға Ресейдің “Росатом” компаниясы таңдалғаны белгілі болғанымен, АЭС-ті екі елдің “бірігіп салуы” деген нені білдіретіні, қаржыландыру мен мамандар қай елден болатыны, АЭС құрылысына Қазақстан тарапынан қандай кәсіпорындар мен мамандар қатысатыны көпшілікке белгісіз. Сондықтан бұл сауалдарды Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсаловаға қойдық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мен Ресей АЭС-ті “бірігіп салады” деген нақты нені білдіреді? Қаржыландыру, технология мен мамандарға қатысты екі ел үлесі қандай болады?

Өздеріңіз білетіндей, бірінші АЭС салу жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ВВЭР-1200 реактор қондырғысы технологиясымен Ресейдің “Росатом” компаниясы анықталды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бәсекелестік және ашық диалог рәсімі шеңберінде басқа қатысушылардың ұсыныстарын қарастыру жалғасып жатыр. 

Бірінші АЭС салу үшін серіктестер туралы түпкілікті шешім Қазақстанның стратегиялық мүдделерін, ұсыныстардың бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ технологиялық шешімдердің қауіпсіздігімен сенімділігіталаптарын ескере отырып қабылданатын болады.

Жобаның қаржылық моделі Ресей Федерациясынан жоғары технологиялық жабдықты қолдана отырып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне сәйкес келетін жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыруды тартуды қарастырады. Осы қаржыландырудың параметрлері бойынша келіссөздер жалғасуда, бұл ретте басты назар тәуекелдер мен міндеттемелерді теңгерімді бөлуге аударылады.

Экспорттық несие қаражаты жобаның маңызды элементтеріне, реакторды, бу генераторларын, айналым сорғыларын қоса алғанда, ұзақ өндіріс циклінің жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ негізгі құрылыс жұмыстарына бағытталады деп болжануда. Бұл жобаның технологиялық үздіксіздігін және кестенің негізгі кезеңдерін сақтауды қамтамасыз етеді.

АЭС құрылысына Қазақстан тарапынан қандай кәсіпорындар немесе мамандар қатысады?

Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асыру кезіндегі стратегиялық бағыттардың бірі – жобалау және құрылыс процесіне отандық кәсіпорындарды барынша тарту.

Қазақстан қазірдің өзінде жобаның алғашқы кезеңдерінде іске қосылуы мүмкін елеулі құрылыс базасына ие. Тек Алматы облысында құрылыс саласының 720-ға жуық кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың көпшілігі құрылыс материалдарын жеткізуге, құрылыс құрылымдарына қатысуға және арнайы қызметтерді ұсынуға жеткілікті әлеуетке ие. Бұл алаң мен инфрақұрылымды дайындау кезеңінде қазақстандық бизнестің АЭС жобасына белсенді қатысуы үшін жағдай жасайды.

Ядролық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету үшін атом электр станцияларын салуға қатысуды жоспарлап отырған компанияларды белгілі бір аттестаттау қажет болады. Бұл жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды және қайта жарақтандыруды талап етуі мүмкін, алайда бұл ретте өндірістік мәдениетті сапалы жаңа деңгейге шығару және экспорттық әлеуетті дамыту үшін мүмкіндіктер ашады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында бірінші АЭС салу жөніндегі жобаны іске асыру барысында мамандардың едәуір санын тарту жоспарлануда, алайда нақты саны бекітілген кесте және жобалау-сметалық құжаттама негізінде айқындалатын болады. Құрылыс кезеңінде жұмыс көлеміне байланысты мамандар саны өзгеретіні белгілі: ең жоғары кезеңдерде 10 мың адамға дейін, ал АЭС пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың адамға дейін.

Бұл тұрғыда кадрларды даярлау мәселесі ерекше мәнге ие болады. Ядролық инженерлерді оқытып қана қоймай, сонымен қатар көптеген мамандарды: экологтарды, қауіпсіздік сарапшыларын, халықаралық стандарттарды, радиациялық бақылау инспекторларын және т.б. дайындау маңызды.

Елімізде атом саласында да, дәстүрлі энергетикада да мықты кадрлық әлеует қалыптасқан. Бұл ретте ұлттық және халықаралық бағдарламалар шеңберінде бейіндік білім беруді және практикалық тәжірибені дамытуды қоса алғанда, қажетті мамандарды даярлау жалғасуда және күшейтілуде.

Қазіргі уақытта физика, энергетика, электротехникамен байланысты 12 білім беру бағдарламасы бойынша атом саласы үшін білікті кадрларды даярлау белсенді жүргізілуде.

Дайындық Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ және Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті сияқты отандық университеттерде, сондай-ақ ядролық технологияларға маманданған жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық шеңберінде де жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, қос диплом алу мүмкіндігі бар бірнеше бейіндік білім беру бағдарламалары іске асырылып жатыр. Шетелдік бағдарламалар бойынша оқуға гранттарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған АЭС-те практикалар мен тағылымдамалардан өту ұйымдастырылатын болады.

Қазақстандық мамандардың едәуір бөлігі атом электр станцияларының халықаралық құрылыстарында – Түркия, Бангладеш, Египетте жұмыс істейтінін ескеру қажет. Олардың тәжірибесі мен кәсіби дағдылары ел ішінде тиімді түрде қолданылып, жобаны сапалы іске асыруға және практикалық білімді ел ішінде таратуға мүмкіндік береді.

Осылайша, АЭС құрылысы тек энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа өнеркәсіптік тізбекті қалыптастыруға, өңірлік экономиканы нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді технологиялық дамуы үшін берік негіз қалауға мүмкіндік береді.

Жоба толық Ресейдің бақылауында бола ма, әлде қазақстандық тарап та шешім қабылдауға қатыса ма?

АЭС Қазақстан аумағында салынатын болады және Қазақстанға тиесілі болып, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің ұсынымдары шеңберінде еліміздің мүддесіне пайдаланылатын болады. Жоба елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығарындыларды азайтуға және климаттық міндеттемелерді орындауға бағытталған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: