Бүгін Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту, саланы цифрландыру жұмыстарының барысы туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.
Ерлан Ақкенженов еліміздің энергетикалық жүйесі тиісті талаптарға сай және Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен үйлесімді қалыпта жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Қазір Қазақстанда 237 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оның 79-ы дәстүрлі генерация көздері, қалған 158-і жаңартылатын энергия көздерінен тұрады.
«Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді», деді Ерлан Ақкенженов.
Министр 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін қосу қарастырылып отырған «Энергетика саласын 2035 жылға дейінгі дамыту жоспары» аясындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатқанын айтты. Жаңа қуат көздерін іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа қуат өндіру қондырғыларын салу арқылы жүзеге асырылады.
Энергетика саласын цифрландыру мәселесі де назарға алынған. Ерлан Ақкенженов қазіргі уақытта «Отын-энергетика кешенін бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» (EnergyTech) атты салалық платформаны іске қосу жоспарланып отырғанына тоқталды.
«EnergyTech платформасы отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір платформа базасына біріктіреді. Ол энергетика секторы, кен пайдалану және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі ОЭК-тің 10 негізгі бағыты бойынша басқару процестерін кешенді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жүйені толық көлемде жасап шығарып, өнеркәсіптік деңгейде қолданысқа енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр», деді Ерлан Ақкенженов.
Энергетика министрі биыл 7 цифрлық сервис пайдалануға беріліп, оның ішінде 2 сервис энергетика секторында жүзеге асырылғанын атап өтті. Олар: Күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өту барысын мониторингтеуге арналған цифрлық сервис; Шекті тарифті бекітуге арналған цифрлық сервис.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
