Биыл елімізде 129 млн тоннаға жуық көмір өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Көмір өнеркәсібі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін негізгі мәнге ие. Қазақстанда көмірдің айтарлықтай қоры бар және ол бойынша әлемде 10-орында тұр. Қазіргі кездегідей өндіру көлемі болған жағдайда, көмір қоры 300 жылдан астам уақытқа жетеді. Көмірдің ірі кен орындары: Орталық Қазақстанда орналасқан Қарағанды көмір бассейні, Торғай көмір бассейні, Шұбаркөл, Жалын кен орындары. Солтүстік-Шығыс өңірі: Екібастұз көмір бассейні, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны. Еліміздегі көмір қоры 33,6 млрд тонна, — деді министр.
Оның айтуынша, сала ішкі нарықты тұрақты жабдықтауды және экспорттық жеткізілімдерді ұлғайтуды қамтамасыз ете отырып, көмір өндірісінің өсуін көрсетуде. Өндірілетін көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі және электр энергетикасында, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Көмір экспорттау деңгейі сақталып отыр.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру шамамен 115,9 млн тонна болды немесе 2024 жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсті. Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға және ішкі тұтынуға 85,9 млн тонна пайдаланылды, ал көмір экспорттау 30 млн тоннаға жетті. Көмір экспорттаудың негізгі бағыттары: Ресей Федерациясы, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзия және тағы басқалары. 2026 жылы 128,9 млн тонна деңгейінде көмір өндіру жоспарланады, — деді Ерлан Ақкенженов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
