Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Kazakhstan Energy Week – 2025 форумында сөйлеген сөзінде еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту және көмір генерациясын экологиялық жағынан жақсарту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инфрақұрылымды жаңғырту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. ЖЭК үлесінің артуы энергия желілерін, энергия жинақтау жүйелерін және сенімді энергиямен қамтуды қамтамасыз ететін жаңа құралдарды дамытуды қажет етеді, – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан сенімді көмірсутек жеткізушісі ретіндегі рөлін сақтай отырып, төмен көміртекті энергетика моделін де кезең-кезеңімен дамытып келеді.
Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаты 3,25 ГВт-қа жуық болатын 158 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, 26 ГВт-қа жуық жаңа қуат көздері іске қосылмақ, олардың елеулі бөлігін ЖЭК жобалары құрайды.
Электр энергетикасын дамытудың өзекті бағыттары – цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу. Бұл – саланы жаңғыртудың басты драйверлерінің бірі. Сонымен қатар, энергия үнемдеу мен тиімділікті арттыру – басты басымдықтарымыздың қатарында, – деп атап өтті Ақкенженов.
Қазақстан көмір станцияларының экологиялық салмағын азайту үшін кең ауқымды жаңғырту бағдарламасын бастады. Бұл бағытта көміртекті ұстау, пайдалану және сақтау (CCUS) технологиялары, сондай-ақ тазарту жүйелерін жаңарту қолға алынуда.
2030 жылға дейін біз көмір генерациясының басым бөлігін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бұл – тек экологиялық жүктемені азайту ғана емес, сонымен қатар генерация тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді министр.
Энергетика министрі қазіргі сын-тегеуріндерге де тоқталып өтті. Олардың қатарында – әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы, инфрақұрылымды жедел жаңарту қажеттілігі, сондай-ақ инвесторлар үшін тұрақты әрі болжамды реттеуші орта сақтау міндеті бар.
Осы себепті Қазақстан заңнамалық тетіктерді жетілдіруді, “жасыл” қаржы құралдарын енгізуді және өндірісті жергіліктендіру жобаларын қолдауды жалғастыруда, – деді Ерлан Ақкенженов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!