Қыста еліміздің тұрғындарын электр энергиясынан тапшылық көрмейді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы қысқы маусымда энергия тапшылығына байланысты қандай да бір өңірлерде жарық өшірілуі мүмкін бе? – деп сұрады БАҚ өкілдері.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов елімізде мұндай мәселе жоқ екенін айтты.
Қазақстан өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тек жүктеме ең жоғары болатын кезеңдерде аздаған тапшылық байқалады, сол кезде Ресей Федерациясынан электр энергиясын импорттаймыз. Дегенмен, жалпы алғанда, жыл бойы ешқандай елеулі мәселе жоқ, – деді ведомство өкілі.
“KEGOC” АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, қазіргі кезде тұтыну бойынша ең жоғары жүктеме 14 957 мегаваттты құрайды, ал отандық станциялар генерациясы – 14,6 мың мегаватт. 330 мегаватт шамасындағы аздаған тапшылық Ресейден алынған қуат есебінен өтеліп отыр.
Қазіргі уақытта жөндеуден шыққан Мойнақ су электр станциясы мен Жамбыл ГРЭС-інің қосымша блогының іске қосылуына байланысты жағдай тұрақты. Сондықтан алдағы жылыту маусымында тапшылық күтілмейді. Қажет болған жағдайда аз көлемді тапшылықты Ресей Федерациясы есебінен жабамыз. Электр энергиясын өшіру жоспарланбайды, – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
