Депутаттар Сенаттың жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес, ТМД елдерінде радиоактивті материалдарды тасымалдаудың бірыңғай ережелері енгізіледі
Құжат бойынша радиоактивті тасымалдарды енді барлық ТМД елдері бірыңғай тәртіп пен халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай жүзеге асырады. Бұл ретте тасымалдау келісім негізінде жүргізіледі.
Келісім сонымен бірге рұқсат беру құжаттарын өзара мойындау тетігін қарастырады. Бұл шекарада жүк қозғалысын негізсіз кідірту жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қарастырылып отырған келісім – бұл бейбіт атом энергетикасының дамуы мен радиоактивті материалдарды қауіпсіз пайдалану, бақылау, әрі тиімді жүзеге асыруға бағытталған құжат. Радиоактивті материалдармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік – бұл адамдарды қорғаудың, сондай-ақ, қазіргі уақытта және болашақта қоршаған ортаны сақтаудың қажетті бір шарты. Келісімге 2020 жылғы 6 қарашада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында қол қойылды, – деп түсіндірді сенатор Әібек Нәутиев.
Келісім қатысушы мемлекеттердің аумағында радиоактивті материалдарды теміржол, әуе, теңіз және автокөлік арқылы тасымалдау кезінде бірыңғай бақылау мен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Мұндай тасымалдар арнайы шарт негізінде және уәкілетті органдар беретін рұқсат құжаттарымен ғана жүзеге асырылады.
Құжатта ядролық қауіпсіздік, физикалық қорғау, апаттардың алдын алу, халықаралық міндеттемелерді сақтау және ықтимал залалды өтеу талаптары нақты айқындалған. Сондай-ақ тасымалдау келісімшарттарында сақтандыру, қаржылық кепілдіктер мен күзет шаралары қамтылуы тиіс.
Атом энергиясы агенттігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағы арқылы негізінен Өзбекстаннан Қытай, Канада, АҚШ, Ресей, Үндістан және басқа елдерге радиоактивті материалдар транзитпен жеткізіледі. Соңғы жылдары осындай тасымалдар саны жыл сайын 6-дан 20-ға дейінгі аралықта тіркеліп отыр.
Жалпы, Келісім ТМД елдерінің ұлттық рәсімдерін МАГАТЭ қауіпсіздік нормаларымен үйлестіріп, радиоактивті материалдарды қауіпсіз әрі тиімді тасымалдаудың құқықтық негізін қалыптастырады.
Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобасын қарау барысында ескертулер мен ұсыныстар білдірмеген. Құжат жұмыс тобы мен комитет отырысында толық талқыланып, мақұлдауға ұсынылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
