Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR-дың президенті Ровшан Наджаф табиғи газдың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, газ энергия көзі ретінде әлі ұзақ уақыт бойы өзектілігін жоғалтпайды.
Мұнай мен газға деген сұраныс алдағы ондаған жылдар бойы сақталады. Газдың өзі кемінде 2070 жылға дейін – әрі қарай да – әлемдік энергетикада маңызды рөл атқара береді. Сондықтан біз осы саладағы жобаларға белсенді инвестиция құйып жатырмыз, – деді ол.
SOCAR басшысы Еуропалық әріптестермен әріптестік мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, үш жыл бұрын Еуропа тарапы газ жеткізілімін арттыру туралы өтініш жасаған.
Біз еуропалық серіктестер тарапынан инфрақұрылымды кеңейтуге қаржылай қолдау болған жағдайда, жеткізілім көлемін екі есеге дейін арттыруға дайын екенімізді білдірдік. Өйткені, қазіргі газ дәлізінің құрылысына Әзербайжан тарапы серіктестерімен бірге қаржы салып, жобаның тәуекелін өз мойнына алды, – деп атап өтті Наджаф.
Оның айтуынша, 2022 жылға дейін SOCAR қолданыстағы газ құбырларын кеңейту жоспарын қарастырмаған. Алайда өзгерген жағдайларға байланысты жаңа инвестициялық қадамдарға баруға мәжбүр болған.
Газ жеткізуді тұрақты жолға қою үшін Еуропамен ұзақмерзімді келісімдер қажет. Сондай-ақ, Еуроодақ қаржы институттарының да қолдауы маңызды. Еуропа 2030 немесе 2035 жылдарға дейін газ қажет дейді, бірақ көмірсутегі жобаларын қаржыландыруға аса ынталы емес. Бір жылдық келісімдермен бұл мәселені шешу мүмкін емес. Газ саласына ұзақмерзімді инвестиция қажет, – деді ол.
SOCAR президенті газ көлемін арттыруға әзір екенін айтты. Бірақ бұл үшін ең алдымен ұзақмерзімді келісімшарттар жасалып, одан кейін инфрақұрылымды кеңейтуге бірлескен инвестиция қажет екенін жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!