Сарапшылардың пікірінше, еліміздің бірқатар өңірінде 2030 жылға дейін су тапшылығы сезілуі мүмкін. Сондықтан суды үнемдеу қажет-ақ. Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев осы мақсатта атқарылып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда ауызсу және техникалық сумен жабдықтау, суару және басқа да мақсаттар үшін пайдаланылатын 4 803 жерасты су кен орны барланды. Мемлекеттік баланста тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалану қорлары тіркелген, оның ішінде тәулігіне 1,5 млн текше метр пайдаланылады.
Атап айтсақ, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін тәулігіне 13,8 млн текше метр өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін тәулігіне 2,2 млн текше метр жерді суару үшін тәулігіне 21,3 млн текше метр барланды. Барлық қорлар толығымен пайдалануға дайын және табиғи жолмен толтырылады.
Елімізде 4000-ға жуық бақылау ұңғымаларының жер асты суларын бақылаудың мемлекеттік желісі жұмыс істейді. Олар судың деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Ұңғымалардың бір бөлігі қалпына келтіруді қажет етеді, осыған байланысты желіні жаңарту және Ұлттық гидрогеологиялық қызмет күштерімен бақылауды күшейту жоспарлануда, – деді ол.
Сондай-ақ министрлік жүзеге асырған жобалар аясында су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптардың көлемі ұлғайған.
Егістік алқаптарын 2023 жылғы 312,2 мың гектардан ағымдағы жылы шамамен 580 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Бұл елдегі суармалы жерлердің жалпы көлемінің 30%-ын құрайды. 2030 жылға дейін заманауи суару жүйелерімен 1,3 миллион гектар жерді қамту жоспарланып отыр, бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің 70%-ы болады, – деді вице-министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
