Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада өтіп жатқан Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін оқып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бектенов атап өткендей, дүниежүзілік энергетика апталығы аясында өтіп отырған дәстүрлі Форум жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылауға арналған бірегей платформаға айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергетика саласындағы өзара тиімді халықаралық байланыстарды дамытуға баса мән береді. Осыған орай Мемлекет басшысы Форумның қатысушылары мен қонақтарына арнайы үндеу жолдады, – деді Бектенов.
Президенттің үндеуінде ең әуелі KAZENERGY қауымдастығының 20 жылдығымен және Kazakhstan Energy Week – 2025 форумының ашылуымен құттықтаған.
Бұл – беделді сарапшылар мен білікті мамандардың энергетика саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын алқалы жиыны. Қазір жаңа тарихи кезең басталды. Түбегейлі өзгерістер энергетика секторына да әсерін тигізіп жатыр. Жаһандық сын-қатерлер көбейіп, халықаралық қатынастағы дағдарыстың күшеюі, қалыптасқан логистиканың бұзылуы салдарынан әлемдегі ахуал күрделене түсті. Осы алмағайып кезеңде тиімді ықпалдастықтың жаңа тәсілдерін табу – баршаның ортақ міндеті, – делінген Тоқаевтың құттықтау хатында.
Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты.
Сондықтан біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді.
Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге және жарқын болашақ үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі, – деп айтты Президенттің үндеуін оқып берген Олжас Бектенов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!