Қазақстанда көмір генерациясынан бас тарту күрделі болмақ. Өйткені елдегі жылу электр орталықтары (ЖЭО) тек электр энергиясын ғана емес, сонымен қатар қыс мезгілінде қалалар мен елді мекендерді жылумен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Carbon Trust компаниясының Азиядағы жобалар жетекшісі Хазим Росли мәлімдеді. Ол энергетикалық ауысым жоспарын әзірлеу кезінде Қазақстан көмір инфрақұрылымының әлеуметтік маңызын ескеруі және декарбонизация мен халықты жылумен қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті табуы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан таза энергетикаға көшу тұрғысынан зор әлеуетке ие. Алайда бұл үдеріс кейбір басқа елдерге қарағанда қиынырақ болады. Себебі көмір инфрақұрылымы негізгі коммуналдық қызметтерді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Біз Қазақстанда көмірден бас тарту оңай емес екенін түсінеміз. Көптеген елде көмір тек электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылса, мұнда ол сонымен қатар қыс мезгілінде халықты жылумен қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік маңызы жоғары функция, сондықтан көмір генерациясынан бас тарту процесін күрделендіреді, – деді Росли.
Көмір станцияларын кезең-кезеңімен тоқтатудың қаржылық тетігі
Carbon Trust компаниясы қазірдің өзінде Қазақстанның энергетикалық ауысымын қолдауға бағытталған бірқатар жобаларға қатысып отыр. Ұйым Азия даму банкімен (ADB) бірлесіп энергетикалық ауысым тетігінің (Energy Transition Mechanism, ETM) алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Бұл қаржылық құрал көмір электр станцияларын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және сонымен қатар таза әрі жаңартылатын энергия көздерінің көлемін ұлғайтуға қолдау көрсетуге бағытталған.
Біздің рөліміз Азия даму банкіне (АДБ) ауысым процесінің алғашқы қатысушылары бола алатын көмір станцияларын анықтап, оларды басымдыққа қоюда көмек көрсету болды. Біз бұл бағытта қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Менің білуімше, АДБ Қазақстанның Энергетика министрлігімен бірлесіп бұл мәселені әрі қарай зерттеуге кірісіп кетті, – деді сарапшы.
Қазақстанға неғұрлым икемді энергия жүйесі қажет
Carbon Trust ұйымының бағалауынша, Қазақстанның қазіргі энергия жүйесі дәстүрлі модель бойынша құрылған – ірі көмір станциялары базалық жүктемені қамтамасыз етіп, электр энергиясын желіге береді. Алайда таза энергетикаға табысты көшу үшін бұл құрылым өзгеруі тиіс.
Энергия өндірудің дәстүрлі сызбасынан бүкіл ел бойынша жаңартылатын энергия көздерін біріктіре алатын неғұрлым серпінді әрі икемді жүйеге көшу қажет. Бұл – тұрақты энергетикалық болашаққа бағытталған шешуші қадам, – деп атап өтті Росли.
Энергетикалық ауысымға халықаралық қолдау
Энергетикалық ауысымға қажетті қаражат пен ресурстар туралы айта келе, Carbon Trust өкілі Қазақстан бұл міндетпен жалғыз қалмайтынын атап өтті. Бұл үдеріске қазірдің өзінде Азия даму банкі (ADB), Еуропалық қайта құру және даму банкі (EBRD), GIZ ұйымы, сондай-ақ Ұлыбритания үкіметі сияқты халықаралық серіктестер қатысып жатыр.
Бұл серіктестердің әрқайсысы қаржыландырудан бастап техникалық көмек пен тәжірибе алмасуға дейін қолдаудың түрлі түрлерін ұсына алады. Сондай-ақ біз Қазақстанның Жасыл климат қоры (Green Climate Fund) арқылы қаражат тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын білеміз. Бұл энергетикалық ауысымды қаржыландырудың қосымша көзіне айналуы мүмкін, – деп қосты сарапшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!