Жексенбі, 06 қазан, 03:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

«Аdal as» қайда бар?

16.02.2021

1449 0

Бүгінде кәсібі бардың нәсібі бар. Заманның талабын түсінгендер жеке кәсіп ашып, табысқа жетудің жолын тапқан. Оған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен көмегін тигізуде. Тек шын ниеттенген адамға жол ашық екенін көбісі түсіне бермесе керек.

Қазір дайын өнімді алып сатқаннан, өз өнімінді өндіру әлдеқайда тиімді әрі сенімдірек. Дегенмен машақаты да аз емес. Бірақ бейнетінен қашпай, еңбек ете білсең жемісі мол. Қала тұрғыны Гүлдана Бисенова да кәсібін анасының кеңесімен үй жағдайында жартылай дайын өнім жасап сатудан бастапты. Осылай басталған бизнесі бүгінгі күні өріс алып, кәсіп аясын кеңейткен.

– Негізгі мамандығым экономист-бухгалтер. Бұған дейін мектепте жұмыс істедім. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, сонымен 7 жылдай үйде отырдым. Кәсіп ашу ойдағы дүние еді. Бірақ оған көп қаражат керек, нақты табыс көзін табу қиын болды. Алайда анамның кеңесімен түшпара сатуды жөн көрдік. Азғантай өніммен, несие алмай-ақ бастауға болатын кәсіп көзі ретінде соны лайық санадық. Жеке кәсібімнің алғашқы қадамы осылай басталды. Алдымен үй жағдайында түшпара жасап, көрші-қолаң, туған-туыс, таныстарға ұсындым. Дәмі ұнаса керек, қайта тапсырыстар түсті. Ақырындап жақын маңдағы дүкендерге өткізіп жүрдім. Осылайша сұраныс көбейе берді. Жұмыс көлемі де артты, – дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

Халқымыз «Көз қорқақ, қол батыр» деп бекер айтпаса керек. Қандай да бір істі бастамас бұрын жүрексініп, тартыншақтау бәріміздің бойымызда бар. Дегенмен Гүлдана Ақылбайқызы бастаған ісін әрі қарай дамытуды көздейді. Қиындығын да көрген. Сонда да қолын бір сілтемей, алға басқан. Еңбектің нәтижесін көргің келсе, бейнетінен бас тарта алмайсың.

– Әр істің өз салмағы, ауыртпалығы болады. Менің кәсібімде де солай. Түш­параны кірпияз өнім деуге болады. Кейде үйде жарық сөніп қалып, не тоңазытқыш істен шығып, өнімдердің езіліп кеткен кездері болған. Ондай өнімді ешқайда өткізе алмайсың ғой. Кейде дүкен ие­лерімен де осындай жағдайды өткеріп, жарамсыз өнімнің орнын толтыру қажет болады. Осындай кедергілер болды. Мұның бәрі уақытша, әрі қалыпты жағдай деп ойлаймын. Кәсіп бастаған адам кедергіден шығудың жолын таба білу керек.  Бастаған істі жарты жолда қалдырмасаң болғаны. Қалғаны ретімен жөнге келеді. Қазір кәсіптің қыр-сырын меңгердім, – дейді ол. 

Адал еңбек етуді мақсат еткен кәсіпкер мемлекет қолдауына сүйенуді де жөн көреді. Сөйтіп «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бастау» жобасы арқылы 250 мың теңге грант ұтып алған. Оған Алматы қаласынан қамыр жаятын арнайы құрылғы алдырған кәсіпкер ісін біршама жеңілдетті.

– Жартылай дайын өнім дайындау бойынша нарықта бәсекелестік бар. Бұл кәсіппен айналысатындар баршылық. Сон­дықтан тұтынушылар талғаммен қарап, талабын қояды. Бәсекелестіктен қорқып, кері шегінуге болмайды. Қайта өнімің үздік шығатындай әрекет етуің қажет. Сол талаптың үдесінен шығып отырмыз деп ойлаймын. Сұраныс бар. Шағын дүкеннен бастап кез келген сұранысты қабылдаймын. Мейлі ол 5 дана түшпара, тіпті одан аз сұрасын, барлық тұтынушыға құрметпен қараймын. Қазір шағын цех ашып, 15 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қаладағы «Асқар», «Қызылорда», «Әнуар»,  «Карамель» сынды ірі сауда үйі мен шағын дүкендерді «Adal as-тың» манты, түшпара, котлет, тауық котлеті, вареник, лағман секілді өнімімен қамтамасыз етеміз. Ендігі «Small» супер маркетімен байланыс орнату, сондай-ақ алдағы уақытта «Adal as» брендін аудандарға шығару жоспарда бар, – дейді жоспарымен бөліскен Гүлдана Бисенова.

Жеке кәсіпке «Adal as» деген атау беріп, соған лайықты жұмыс жасағандығынан болар, кәсібі де кең қанат жая бастады. Тұтынушылары бұл өнімнің дәмін жақсы біледі. Бүгінде «Adal as-тың» өнімі қаланы түгел қамтып отыр деп айтуға болады. Бұл – адал еңбектің жемісі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: