Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бабын білсең, пайда мол

11.06.2022

999 0

Бүгінде істің орайын тапқан адамға айналысатын шаруа көп. Әркім өзінің ыңғайына келетін істен несібесін жейді. Соңғы жылдары жақсы қолға алына бастаған тың кәсіптің бірі – бал арасын бағу. Өңірдің омарташылары жыл сайын тәжірибе жинап, әрі бұл іске айтарлықтай қызығушылық танытып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Облыстағы омарташылар жыл сайын тонналап ара балын жинайды.

Қызылорда қаласының тұр­ғыны Айбек Қалаубаев омарта­шылық кәсіппен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Алғашқыда жақындарынан көріп, қыр-сы­рын жақсы меңгергесін ол өзі жеке кәсіп ашуға бел буады. Алайда бал арасын қалада өсіру біраз қиындық тудырған іспетті. Сондықтан жаз мезгілінің орта­сында омартасын  ауылға көшір­мекші. Ең қызығы, ол ауылда өз ісі­мен қатар жаңадан үйренгісі ке­ле­тіндерге көмектесуге дайын екенін айтты. Себебі оның мақсаты – осынау кәсіпке қазақ жастарын көбірек тарту, оларды тың кәсіпке баулу.

– Шынын айту керек. Қазір бізде омарташылық кәсіп дұрыс дамымай тұр. Әсіресе ауыл-аймақта. Мүмкіндік жетеді. Қазіргі таңда араның ұясын көршілес Ресей мен Өзбекстаннан әкелеміз. Барлық омарташылар бірігіп, сол жақтарға тапсырыс береміз. Әркім қажетінше алады. Себебі ауылшаруашылық кооперативі арқылы субсидия алу ыңғайлы. Бабын білсең, кез келген жерден пайда табуға болады. Былтыр 350 келідей бал алдым. Ал енді жаңадан бал өсірушілерге келсек, олар алдымен жан-жақты танысуы қажет. Жалпы біздің әлеуметтік желіде арнайы тобымыз бар. Сол арқылы бір-бірімізбен хабарласып,  балдың және араның бағамдарын бақылап отырамыз. Осыдан бірнеше апта бұрын бал арасына қа­тысты жан-жақты қамтылған кітап алдырдым. Сондай дүниені жаңадан айналысушылар тауып оқыса… Бұл – отбасылық бизнес. Егер өзің ғана қызығушылық танытып, жолдасың немесе бала қарсы болса, қоя тұрған жөн. Ол кезде шаруаңыз алға басуы қиын. Ара ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан отбасылық қолдау болу керек, – дейді кейіпкеріміз.

Кәсіп иесінің айтуынша, ара балының емдік қасиеті мол. Ә дегеннен шешіле сөйлеген кейіпкеріміз ара жайлы сіз бен біз біле бермейтін біраз мағлұмат айтып, тәнті етті. Айбек мырзаның сөзіне сүйенсек, балдың адам денсаулығына пайдасы жетіп артылады. Әсіресе балаларға көмегі көп. Сондықтан кішкентай балаларға араның балын көбірек беру қажет. Бұлай деп айтуымызға да салмақты себеп бар.

– Егерде бал омартасын көретін болсаңыз, 12-17 жәшікте араның ұясы болады. Олар кішкентай бір тесігінен ғана кіріп-шығып құжынап жүреді. Аралар 5 шақырым, тіпті кейде оданда алыс гүлдерге қонады. Соған қарамастан, қайтып келіп өзінің ұясын адаспай тауып алады. Нақтырақ айтсақ, олар ешқашан адаспайды. Міне, бал жеген баланың да есте сақтау қабілеті күшті болады, – дейді ол.

Байқасаңыз, ара жұмысты ұжым болып істейді. Неғұрлым мол болса, соғұрлым табысты болады. Әрбір ара шай қасықтай ғана бал жинау үшін екі мың рет келіп, кетеді екен. Енді мынаны қараңыз, егер осының арасында бір ара бос қайтар болса, онда оны ұяға кіргізбейді. Ортасынан бір «атаман» сайлап шығарады. Егер ол дұрыс басқара алмаса,өлтіріп тастайды да, жаңа екін­шісін қояды. Бір қызығы, араның бал жинау үшін алдымен барлаушы барып біліп келеді екен. Бір бөлігі балаларын бағып, қалғандары бал жинауға аттанады. Осылай-осылай бөлініп алады. Аралар отбасылық тәртіпті қатал сақтайды. Бір жері қисық болса, сол ұя быт-шыт болады. Айта кетейік, ара бал жинап қана қоймай, өсімдіктерді ұрықтандырады. Олар қонған гүл болсын, шөп болсын тез гүлдеп, көбейеді. Аралардың тыныс-тіршілігін әбден зерделеген омарташы осылайша бізге біраз ақпар берді.

P.S. Осындай пайдалы істі жолға қойған кейіпкеріміз алдағы уақытта өз кәсібін одан әрі дамытып, кеңейтпек ойда. Сонымен қоса ол жастардың шаруаны төрт түлікке тіреп қоймай, ара өсіру секілді сұранысқа ие тағы басқа тіршілікке мойын бұрғанын  қалайтынын жеткізді. Алайда оны жай ғана ермек үшін емес, отбасының әл-аукатын арттырып, елдің, оның шінде өңіріміздің дамуына тамшыдай болса да үлес қосса дейді. Бұл – дұрыс пікір. Енді осы бастаманы қолдайтын жастар табылса игі.

А.БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: