Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Бастау бизнес» жаңа форматта жүзеге асуда

02.08.2022

1038 0

Елімізде кәсіпкерлікті қолдауда бірнеше бағытты қамтитын жобалар бар. Соған сәйкес жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бұл – жеке кәсіп ашып, өзіне де, ел экономикасына да пайда келтіремін деген азаматтардың идеясын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттің қолдауы.

Соның бірі – «Бастау бизнес» жобасы. Кәсіпкерлікке баулитын бұл жоба 2017 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан еді. Ұзақтығы 21 күн­дік оқу курсын тәмамдағандар курсты оқығаны туралы сертификат алып, одан әрі өз бизнес-жоспарын әзірлеп, оны қорғауы тиіс.

Соңғы 4 жыл бойы елімізде аталған жобамен 150 мың­нан астам азамат кәсіпкерлік бағытта білім алып, 144 мың бизнес-жоспар іске асыпты. Нәтижесінде 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туған. Кәсіпкерлік палатасының мәліметіне сүйенсек, жоба аясында кәсібін ашқан кәсіпкерлердің 93 проценті мемлекетке тұрақты түрде салық төлейді екен. Соның арқасында елімізде салықтан түскен қаржы көлемі ұлғайған. Мәселен, 2017-2019 жылдар аралығындағы көрсеткіш бойынша «Бастау бизнеспен» кәсіп ашқан кәсіпкерлер бюджетке 1,4 млрд теңге салықтық түсім түсірген екен.

Ел игілігіне жараған жоба биыл да жалғасын тапты. Тек бұл жолы жобаны жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыруда. Енді бұл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асады. Соған орай «Бизнес бастау» шеңберінде кәсіпкерлікті оқыту жаңа форматта және онлайн түрде қолжетімді болмақ. Қысқа мерзімді оқу курсына қабылдауға өтініш 25 шілдеден бастау алды.

Кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, жеке кәсіп ашамын десеңіз бұл таптырмас мүмкіндік. Ол үшін business.enbek.kz порталына тіркеліп, оқыту шартына сәйкестік тексеруінен өтесіз. Талапқа сай келсеңіз skills.enbek.kz платформасына кіріп, оқуды бастай берсеңіз болады.

– «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқу курсы 25 шілдеден басталды. Курсқа 4 күн ішінде 552 адам өтінім беріп, оқуды бастап кетті. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Жалпы бұл оқу курсын тек мемлекеттік грант алғысы келетіндер ғана емес, несие алушылар да оқи алады. Ал мемлекет тарапынан берілетін 400 айлық есептік көрсеткіштегі грантты берудің өзіндік талабы бар. Мәселен, ол азамат 29 жаста болуы керек. Сондай-ақ жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы алушы, қандастар, қоныс аударушылар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдарды асыраушылар, мүгедектігі бар азаматтар және т.б санаттағылар үміткер бола алады, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов.

Жоба биыл өтінім беруден бастап оқу үлгісі, бизнес-жоспарды қорғау,  грантқа  үміткер болу, барлығы да онлайн түрде жүзеге асырылуда. Бұл жемқорлық әрекетке жол бермеу мақсатында іске асып отыр.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегеновтің айтуынша, оқу курсы 12 модульден тұрады. Әр модульді аяқтаған соң 16 сұрақтан құралған тестке жауап беруі тиіс. Тест сұрағының кемі 70 процентіне дұрыс жауап берген оқушы келесі модульге өте алады. Осылайша әр модуль сайын сынақтан өтеді. 12 модульді толық оқып аяқтаған курс оқушы бұдан кейін мемлекеттік грантқа онлайн өтінім береді. Сонымен бірге бизнес жоспарын тіркейді. Осыдан соң enbek.kz порталы өтінім бергендердің қай санатқа жататынын автоматты түрде бөліп, саралайды. Ал грантқа өтінім беру 8 тамыздан басталады.

Айта кетер жайт, «Бизнес бастау» жобасын оқушы модульдік сынақтан өтпей қалса, келер айда қайта оқуына болады. Сәтті аяқтаған соң арнайы сертификат беріледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: