Сейсенбі, 21 мамыр, 13:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

«Даму» демеген кәсіп

08.11.2022

1733 0

«Кәсібі бардың, нәсібі бар» деп бекер айтылмаса керек. Елімізде осы саланы дамытуға ерекше ден қойылған. Жеке ісін ашқан азаматтардың бүгінде ісі дөңгелеп, кәсіп аясы кеңейген. Жалпы кәсіпкерлікті дамытудың ел экономикасына да, халық тұрмысына да оң әсер ететіні белгілі. Бұл мақсатта қолдау шарасы әлі де жалғасын таппақ.

Өткен аптада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен қаладағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралаған едік. Мұндағы мақсат мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысу еді. Жалпы аталған қор «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша көмек көрсетеді.

Қордың қолдауына ие болған кәсіпкердің бірі – құрылыс материалдары өндірісін қолға алған Жұмабек Садуақасов. Өткен жылы кәсіп аясын кеңейту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен «Сбербанк» арқылы 70 миллион теңге несие рәсімдеген. Бүгінде 14 проценттік несиенің 8 проценті қордан төленсе, 6 процентін кәсіпкер өзі өтейді. Кәсіпкер бұл кәсіпті 2013 жылы бастағанын айтады. Алғашқы кездері қиындықтың болғанын жасырмайды. Өнім шығару қажырлы еңбекті талап етеді. Жұмыс күшінің басым болуы қажет. Ал қазір жұмыс барысы біршама жеңілдеген. Мемлекеттік бағдарлама игілігімен ол арнайы қондырғылар алдырып, өнім шығаруды автоматтандырған. Он адамды жұмыспен қамтыған. Брусчатка, бордюр өндірісімен айналысатын кәсіпорын шикізатты Шиелі, Жаңақорған ауданы­нан алдырады. Қазіргі таңда халықтың бұл құрылыс материалына сұранысы жоғары екенін айтады. Сұранысты өтеу үшін күніне 3000-нан аса өнім шығарады.

Білім беру саласына өзіндік үлес қосып жүрген «BAUER group» компаниясы да «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қолдау тапқан. 2020 жылы компания мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізде балабақша салуды қолға алған.

– 2020 жылы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізде 320 орындық балабақша салуды жоспарлаған едік. Құрылысқа қажетті қаржы 938 млн теңгені құрады. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен екінші деңгейлі банк арқылы алынған несиенің проценттік мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру құралдары бойынша жеңілдік жасалды. Қазіргі таңда балабақша білім беру талабына сай жұмыс істеуде,  –дейді компания басшысы Бауыржан  Еркебаев.

Балабақша қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бүлдіршіндердің қабі­летін, ой-өрісін дамытуда түрлі әдіс-тәсілді қолдана отырып зейінін ашады. Балабақшаның заманауи үлгіде жабдықталып, балаларды қызықтыратын түрлі көркемдік құралдармен көм­керілуі ерекше күй сыйлайды. Сонымен қатар балаларды шы­нықтыруда арнайы бөлме жабдықталған. Ой-өрісін дамытуда шахмат үйірмесі жұмыс істейді, бес демше, бес тас ойындарына баулиды. Одан бөлек, хореография, музыка залы мен ағылшын сыныбы бар. Бір ерекшелігі балалардың бойына қазақы тәрбиені сіңдіріп, дәріптеуде әр топта ұлттық құндылығымыздан көрініс беретін арнайы бұрыш жасақталған. Балабақша меңгерушісі Светлана Меңтаева қазір білім беру әдісінің өзгергенін, балаларды ойын арқылы дамытуға көңіл бөлінетінін айтады. Сондай-ақ бұрынғыдай мектеп алды топтарда әріптерді таныстыруда ойын арқылы жүргізіледі екен. Мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін жалғастырған кәсіпкердің білім саласына ерекше ден қоюы расымен, қуантарлық.

Баспасөз турының келесі бағыты кондитерлік өнім шығаратын Алтынай есімді кәсіпкердің өндіріс ошағы болды. Тәтті өнімдер цехындағы тірлік қызу. Бес жыл көлемінде тәтті өндірісіне қадам басып, тұтынушыларды таза өніммен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер бұған дейін алған несиесін қайта қаржыландыру мақсатында аталған қордан көмек сұраған.

– Кәсіпті үй жағдайында бастадық. Бірте-бірте тұрақты тұтынушылар қатары көбейді. Кәсіптің өрісін кеңейтсек деп несие алып, жұмыс істедік. Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы бұрынғы несиені қайта қаржыландыру әрі өндіріс цехын сатып алу мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен субсидия берілді. Соның арқасында бүгін цехымызда қызу тірлік жүруде, – дейді цех меңгерушісі Гүлмира Тоятова.

Кондитерлік кәсіп қазіргі таңда қарқын алған. Тәтті тоқаш пісіруді ұнататындар бұл кәсіпті тез-ақ игеріп кетеді. Дегенмен әр жұмыстың өз ауыртпашылығы бар. Цех меңгерушісі Гүлмира Тоятова қолдаудың арқасында алынған түрлі заманауи құрыл­ғылардың жұмысты біршама жеңілдеткенін айтады. Мұнда 25 кондитер тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қордың «Ұлттық жоба» бағдарламасымен несиесін субсидия­лаған және кепілдендіру көмегін алғандардың бірі – «Шырақ» офтальмогиялық орталығы. Қаладағы беделді медициналық орталықта көз кемшілігін түзетуге арналған оталар, басқа да процедуралар жасалады. Мүмкіндікті пайдаланған орталық несие қаржысына соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алып, қызмет аясын кеңейткен.

Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында құрылған аталған қордың мақсаты кәсіпкерлерге осылай қол­дау көрсету. Айта кетер жайт, қор кәсіпкерлікке екі бағыт бойынша көмек береді. Бірі несие бойынша субсидиялау және кепілдік құралын ұсыну болса, екінші бағыты индустриялды-инновациялық қызмет нысандарын қолдау. Бүгінде облыста қордың қолдауымен 990 жоба жүзеге асыпты.

Жеке кәсіп ашып, еңбек еткеннің нәтижесі болатыны анық. Ал шынайы қолдауды қажет ететін кәсіпті «Даму» қоры демейді.

Айдана Сейіл

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: